Бүгін мал дәрігерлерінің кәсіби мерекесі. Айтулы күн былтыр 10 шілде «Ветеринария қызметкерлері күні» болып бекітілген еді. Төрт-түліктің саулығы – ел тұтынатын өнімнің сапасы мен денсаулығының кепілі. Сондықтан аталмыш күн мамандардың еңбегін елеп, құрмет көрсетуге арналған. Бүгінде бұл салада 15 мыңға жуық маман жұмыс істейді. Солардың бірі саналы ғұмырын осы салаға арнаған – қостанайлық Жұмабек Әбдірахманов.
Қырық жыл еңбек еткен маман жануардың жай-күйін бір қарағаннан-ақ таниды. Бұл талай жылғы тәжірибе мен еңбегіме деген адалдықтан дейді өзі. Себебі мал дәрігері болу – кездейсоқ келген адамның қолынан келмейді.
Жұмабек Әбдірахманов, ветеринар-дәрігер:
Ауылда өстім әрі малмен кішкентай кезімнен айналысып жүрмін. Өзім көп мал ұстадым. Солай малға жақын болдым. Өте қызықты жұмыс. Жан-жақты білуің керек. Сабырлы болу қажет. Хирургияны да білу керек. Мен өзім шамамен 10-11 операция жасадым.
Бұл мамандыққа кейінгі буынның да қызығушылығы артып келеді. Елімізде 11 жетекші ЖОО ветеренария саласына кадр даярлайды. Ал жыл сайын 1200-ге жуық маман кәсіптік білім алып шығады. Фельдшер Ержан Молдыбаев, әлі күнге дейін ұстазынан көп нәрсе үйреніп жүргенін айтады.
Ержан Молдыбаев, ветеринар-фельдшер:
Жұмабек Байбосынұлымен 4-5 жыл бірге жұмыс істеп жатырмыз. Өз ісін жақсы біледі. Ол кісінің қасында жүрген соң, бізге бәрін үйретеді. Бұл кісі бәрімізге бір жағынан әке және мұғалім.
Соңғы жылдары елімізде ветеринария саласы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Аурулардың мониторингі, алдын алу жүйесі жақсарып, зертханалық база кеңейтілді. Жануарлардың аурушаңдығы 49 процентке төмендеуі сол жұмыстардың жемісі - дейді жауапты мамандар.
Төлеген Иманбаев, Қостанай облыстық Ветеринария басқармасының басшысы:
Бізде 850-ден артық әріптесіміз жұмыс істеп жатыр. Қазір орташа жас 45-ке келеді. Жастар да келіп жатыр. Әрбір мекемеде, ветеринария станциясында 3-4 адам істейді. Жалпы аудан бойынша 36-60-қа дейін істейтін мамандар бар.
Материалды-техникалық тұрғыда қамтамасыз ету мәселесіне де көңіл бөлініп келеді. Былтыр облыстың мал дәрігерлеріне 20 автокөлік берілді. Ал биыл 34 елді мекенде замануи ветеринарлық станция салынбақ. Жалпы бүгінде еліміздің әр өңірінде барлығы 20 аумақтық инспекция, 203 аудандық станция мен 2 мыңнан аса пункттер жұмыс істейді.
Мәдина Нағашыбай
