Шымкентте театр басшылығы бюджеттің 136 миллион теңгесін жымқырмақ болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте театр басшылығы бюджеттің 136 миллион теңгесін жымқырмақ болған

09.07.2025

Шымкентте жастар театрының директоры мен өзге де лауазымды тұлғалары қазынаның 136 миллион теңгесін жымқыруға әрекеттенген. Олар мемлекеттік сатып алу талаптарын бұзып, лоттарды әдейі бөлшектеген. Сөйтіп, 20-дан астам тауарды электронды дүкен арқылы сатып алған. Театр басшылары осындай әккі әрекет арқылы жеке кәсіпкерлермен келісімшарттар жасасып, мемлекет қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырған. Шымкент жастар театры үшін бюджеттен 320 миллион теңге бөлінген. Бұл ақшаға концерт өткізуге арналған жабдықтарды, оның ішінде дауыс зорайтқыштар, сахналық ферма, күшейткіштер, микрофондар сатып алынуы тиіс еді. Алайда электронды сауда алаңы арқылы алынған жабдықтар тапсырыс берушіге жеткізілмеген. Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті тергеу барысында осы жәйттардың барлығын анықтады.

Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

Күдіктілердің бірі қылмыстық жолмен алынған табысқа жалпы құны 48 млн теңгені құрайтын автокөлік пен пәтер сатып алып, мүлікті жасыру мақсатында оларды сенімді адамдардың атына рәсімдеген. Соттың санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды. Күдіктілер қамауға алынды.

Ғани Қалмахан


Хабарламаларға жазылу