Шымкентте күн райы +47 градасуқа дейін ысыды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте күн райы +47 градасуқа дейін ысыды

04.07.2025

Шымкент қаласында соңғы күндері аптап ыстық басылмай тұр. Бүгін ауа температурасы тіпті биылғы ең жоғары көрсеткішіне дейін барды. Салдарынан мегаполисте өрт те әдеттегіден екі есе көбейіп, медициналық жедел жәрдем көмегіне жүгінетіндер де артты.

Шымкентте бүгін ауа температурасы 46-47 градусқа дейін барды. Сая іздеген көпшілік түс болмай жатып-ақ өзендер мен субұрқақтарды жағалап кетті. Әсіресе қаланы қақ жарып өтетін Қошқарата өзенінің жағалауы мен субұрқақтардың маңында адам қарасы қалың.

Жанелья Бекбауова, қала тұрғыны:

Ауа райы күннен-күнге ысып бара жатыр. Бүгін 47 градусқа дейін жетті. Үйде отыра берейін десең, кондиционерден балалар ауырада. Сөйтіп өзен жағасына келіп, жанға сая іздеп жүрміз.

Аптап ыстықтан бүгін шаңқай түсте шаһарда электр қуаты да өшіп қалды. Энергияны шектен тыс пайдаланғандықтан, жүйелер салмақты көтере алмаған. Бағдаршамдар істемей, орталық көшелерде көлік кептелісі болды.

Күннің ысуына байланысты қан қысымы жоғарылап, ауруханаға түсіп жатқандар да көбейді. Қалалық ауруханаға соңғы бір аптаның өзінде басынан күн өткен оннан астам адам жеткізілген.

Бақытжан Позилов, №2 қалалық аурухананың бас дәрігері:

Соңғы уақытта №2 қалалық аурухананың нейроинсульт бөліміне өте көп науқастар инсультпен түсіп жатыр. Немесе қан қысымы көтеріліп, түсуде.  Бәрі дәрігерлердің нұсқауларын ұстанбағандықтан.

Жаз басталғалы қалада өрт те жиіледі. Төтенше жағдай департаментіне апат туралы күніне 40-қа жуық қоңырау түсуде. Жыл басынан бері 200-ден аса өрт болса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 77 пайызға көп.

Нұрболат Педен, қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы:

Күннің ысуына байланысты шөп жану оқиғалары жиіліп кетті. Алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Бізде қазір өрт қауіпсіздігі жоғары 5-класс орын алып отыр. Болып жатқан өрттердің басым бөлігі тұрғын секторында бірінше кезекте.

Синоптиктердің айтуынша, күннің қатты ысып кетуіне оңтүстік батыстан ығысқан тропикалық ауа массасы әсер еткен. Мамандар ертеңнен бастап ыстықтың беті аздап қайтады деп отыр.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу