Жетісу облысындағы елді мекеннің бірі Рудничный ауылында жаңа білім ордасы бой көтереді. 230 орындық мектептің құрылысына бөлінген қаражат есебі 2 млрд теңгеден асады. Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынатын оқу ғимаратының капсуласын орнату рәсіміне Бас прокурор Берік Асылов қатысты. Прокурор ауыл тұрғындарын құттықтап, оқу-ағарту саласының маңызы мен мұғалімдердің құзыретін арттыру мәселесіне тоқталды. Ал ауыл ақсақалы Ертай Дүйсебаев алғыс білдіріп, тұрғындардың қуанышын жеткізді.
Ертай Дүйсебаев, жергілікті тұрғын:
Біздің ауылымызда бүгін қуанышты жағдай болып жатыр. Ескі мектеп тозып қалып еді. Мына жаңа мектеп салынып жатыр. Соған үлкен ризашылығымызды білдіреміз.
Құзырлы орган басшысы халықпен кездесіп, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларға тоқталды. Атқарылған жұмыстарды айтты. Мәселен, биыл прокурорлар 2 млн-нан аса адамның құқығын қорғаған. Балалар үйінің түлектері мен әлеуметтік осал топқа жататын 800-ден аса адамның үй алуына ықпал еткен. Шетелге заңсыз шығарылған активті қайтару нәтижесінде 400-ден астам әлеуметтік нысан бой көтерді.
Дамир Нұрмұхамет
