«Астана Операда» әйгілі британдық композитор Карл Дженкинс одасының тұсауы кесілді
Әлемдік деңгейдегі премьера. «Астана Операда» әйгілі британдық композитор Карл Дженкинстің салтанатты одасының тұсауы кесілді. Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына арнайы жазылған туынды Shine Astana, яғни, «Жарқыра, Астана» деп аталады. Оданы танымал Қазақстан теноры Медет Шотабаев пен америкалық сопрано Энджел Блу орындап шықты.
Жоба өте ауқымды, әрі бірегей. Ойлап көріңіз, бұл музыкалық бірегей туындыға мыңнан астам музыкант тартылды. Оның ішінде еліміздің әр өңірінен, Италия, Австрия, Германия, Голландия, Греция, Хорватия, Ресей, Беларусь, Тәжікстан мен Өзбекстан сынды алыс-жақын шетелдердің симфоникалық оркестерлері мен хорлары бар.
Тағы бір ерекшелігі, ода негізінде қазақ халқының терең тарихы жатыр. Одаға «Жайлау», «Қарасай», «Абай» сынды жалпақ жұртқа жатталып қалған төл туындыларымыздан үзінділер қосылған. Ал, оданың «Бабалар аманаты» деп аталған екінші бөлімінде ерлер хоры ежелгі түркі әндерімен көрерменді тамсантты. Үшінші бөлім «Болашаққа бастауда» композитор «Сары қыз», «Қарлығаш», «Дударай» шығармаларын қолданған. Ал, соңғы төртінші бөлім «Мәңгілік Ел салтанаты» мерекелік шат-шадыман көңіл-күй сыйлауы тиіс. Өйткені, онда «Тұлпар», «Көзімнің қарасы» және арнайы той гимні ретінде шығарылған «Shine Astana» орындалады.
«Астана Опера» театрының бас дирижері талантымен әлемді мойындатқан маэстро Алан Бүрібаев бұған дейін де осындай ауқымды жобаларды абыроймен атқарған еді. Ал, «Shine Astana» одасын елордаға тарту еткен Карл Дженкинс те Қазақстанда бірнеше рет қойылым қойған. Отандық музыканттарымызбен бірлесе жұмыс істеген британдық композитор көшпенділер мәдениетіне аса үлкен қызығушылық танытып келеді. Ол бірнеше шығармасын Ұлы Далаға арнап, туындыларды үнемі шетелдік көрерменге ұсынып жүр. Сондай-ақ, Дженкинстің сөзіне сенетін болсақ, талғамы жоғары батыс халқы біздің өнеріміздің негізінде жазылған композицияларға өте жақсы бағасын береді екен.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
