Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы Ильчевка ауылындағы май зауытында газ тасымалдайтын көлік жанып, 9 адам жарақат алды. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2 науқастың жағдайы ауыр. Төтенше оқиғаның мән-жайын теріскейдегі тілшіміз Эльмира Кәленова тарқатып айтады.
Эльмира Кәленова, тілші:
Өрт дәл осы зауыт аумағында болған. Алдын-ала мәлімет бойынша автоцистернадан газгольдерге газ құйып жатқан кезде шланг үзіліп кетіп, өрт шыққан. Мамандардың айтуынша, қызыл жалын 50 шаршы метр аумаққа таралған. Қауіпті аймаққа кіруге рұқсат жоқ. Қазір жедел шаралар жүріп жатыр.
Жарылыс тапа-тал түсте болған. Тұрғындар қатты дүмпуден шошып, көшеге шыққандарын айтады.
Райымбек Ғалымов, ауыл тұрғыны:
Мектептің ішінде охранада отырғанмын. Естіліп тұрды кәдімгі жарылыс болды. Одан кейін тағы бір жарылыс болды.
Қайрат Айтбаев, ауыл тұрғыны:
Кешегі сол газ жарылысы болып жатыр. Ана жақтың бәрі күйіп жатыр. Халықты эвакуациялап жатыр. Өрт сөндіруші жоқ. Қауіпсіздік шаралары бар ма жоқ па екен біз де білмейміз.
Тайынша май зауытының өкілі Данияр Арыновтың айтуынша, кәсіпорынға газ тасымалдаушы көлікпен сұйытылған газ жеткізілген. Оны күндегіше газгольдерге құйып алған. Сол кезде кенеттен жарылыс болған.
Данияр Арынов, Тайынша май зауытының заңгері:
Себебін экспертиза айтады. Не себеп болғанын нақты білмейміз. Газовоз сол жерде жарылып кетті. 1 сағатта өшірді.
Төтенше оқиғадан 9 адам зардап шекті. Оның екеуі газ тасымалдаушы көліктің жүргізушісі мен оператор. Қатты күйік шалған 8 адам Көкшетау және Тайынша аудандық ауруханаларға жеткізілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2 науқастың жағдайы ауыр. Жалпы өрттің аумағы 50 шаршы метр болған. Оны сөндіру үшін Ақмола облыстық төтенше жағдай қызметінің мамандары да көмекке келген.
Төтенше оқиғаның себеп-салдарын анықтау үшін сараптамалар тағайындалды. Айта кетейік, Тайынша май зауыты - Қытаймен бірлескен жоба. 2016 жылы іске қосылған. Кәсіпорында зығыр, рапс, күнбағыс майы өндіріледі. Басым бөлігі Қытайға экспортталады.
Эльмира Кәленова
