Елімізде экотуризм нысандарының картасы әзірленеді. Бүгін Олжас Бектенов бұл тапсырманы Туризм министрлігіне жүктеді. Яғни, картада туристік аймақтың орналасқан жері, қызмет көрсететін нысандар сынды қажетті мәліметтер толық көрсетілуі тиіс. Үкімет отырысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды. Президенттің бастамасына 2 млн-ға жуық адам қатысқан. Оның 156 мыңы еріктілер. Акция аясында 190 мың тоннаға жуық қалдық жиналған. Шамамен 2 млн-нан астам ағаш отырғызылды. Елімізде қоқысты қайта өңдеу қолға алынбақ. Былтыр қайта өңдеу деңгейі 26 пайызға ғана жуықтаған. Бұл көрсеткішті арттыру үшін заманауи инфрақұрылым құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 62 жоба мақұлданды. Бұл өңдеу қуатын жылына 1 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бермек.
Олжас Бектенов, Премьер-министр:
Президентіміздің идеясы – «Таза Қазақстан» бастамасын табиғатты қорғау үшін ғана емес, сонымен қатар ойдың да, бойдың да тазылығын сақтап, адамның ішкі мәдениетін тәрбиелеу арқылы оны дұрыс өмір салтына айналдыру. Руханияттың дамуына ерекше көңіл бөлу керек.
Айналаңдағы адамдарға, дәстүрлі құндылықтарға құрметпен қарау, қоғамдық жауапкершілікті дамыту және еңбекқорлық Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын іске асырудың маңызды бағыттары болуы тиіс.
Самал Қабышева
