Алматыда Қазақстан – Үндістан туристік форумы өтті. Шараны Алматы облысы Туризм басқармасы мен «Visit Alatau» туристік ұйымы ұйымдастырды. Әкімдік өкілдерінің сөзінше, басқосу екі елдің туризм саласындағы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Форум барысында тәжірибе алмасу, жаңа серіктестік байланыс орнату және туристік әлеуетті таныстыру мақсатында келіссөздер жүргізілді. Жиынға Қазақстан мен Үндістанның туристік индустриядағы жетекші компаниялары, туроператорлар, агенттер мен гидтер, сондай-ақ ірі қонақүй кешендерінің, әуе компанияларының өкілдері қатысты.
Қуанышбек Мирамбекұлы, Алматы облысы туризм басқармасының басшысы:
Алматы облысына ғана емес, бүкіл Қазақстанға шетелдік туристерді әкелуге, біздің көркем жерлерімізді таныта білуге үлкен үлесін тигізеді деп сенеміз. Индиядан бүкіл Қазақстанға 150 мың турист келді, 2-3 есе өсу қарқынын көріп тұрмыз.
Үндістаннан арнайы келген 50-ге жуық делегат Алматы облысының туризм саласына қызығушылық танытып, өңірдің әлеуетін жоғары бағалады. Әсіресе Жетісудың көркем табиғаты – асқар таулары, өзен-көлдері, жасыл жайлауы мен ежелгі мәдени ескерткіштері шетелдік меймандарды ерекше әсерге бөлеген.
Нагендра Прасад, Үндістан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
Үндістандықтарға Қазақстанның әсем табиғаты қатты ұнайды. Әсіресе Алматы және Алматы облысы таңғажайып сұлулыққа тұнып тұр. Бүгінгі жиында екі елге де саяхаттайтын туристер санын арттыру жолдарын талқыладық. Туризм саласындағы бірлескен жобаларды да қолға аламыз.
Бағдарлама аясында бизнес өкілдерінің кездесулері мен туристік өнімдердің көрмесі ұйымдастырылды. Бұл форум – Қазақстан мен Үндістан арасындағы туристік қатынастарды күшейтіп қана қоймай, аймақтың халықаралық аренадағы тартымдылығын арттыратын жарқын бастама болды дейді ұйымдастырушылар.
Жазира Оразқызы
