Басты Жаңалықтар Астанада Еуразиялық экономикалық форум өтеді

Астанада Еуразиялық экономикалық форум өтеді

Астанада 28-29 мамыр аралығында Еуразиялық экономикалық одақтың басты іскерлік шарасы – Еуразиялық экономикалық форум өтеді. Биыл ұйымға Қазақстан төрағалық етуде. Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдерінің отырысында талқыланатын өзекті мәселелер пысықталды. 

Елорда бұл күндері әлемнің түкпір-түкпірінен рекордтық мөлшерде шетелдік меймандарды қабылдайды. Форумға ШЫҰ, ТМД, БРИКС сияқты ірі аймақтық бірлестіктер қатысады. Еуразиялық экономикалық одақ елдері өкілдерінің қатысуымен түрлі тақырыпты қамтитын 30-ға жуық шара өтеді. Екі күн бойы экономикалық дамудың өзекті мәселелері, цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу, сондай-ақ халықаралық іс-қимыл аясын кеңейту мәселелері талқыланады. 

Арзыбек Кожошев, Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі:

Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында Парсы шығанағындағы ахуалды, Қызыл теңіздегі жүк ағындарының өтуін көріп отырмыз. Бұл ретте Еуразиялық аумақ арқылы өтетін жол қазіргі таңда ең қауіпсіз болып отыр. Бүгінде біздің теміржол, автомобиль және әуе жолдарымыздың маңызы күн санап артып келеді. Сондықтан бұл мәселе өте өзекті және осының барлығы форумда кеңінен талқыланады деп ойлаймын.

Ауқымды шараға 1200-ден астам кәсіпкер, 130-дан астам халықаралық ұйым өкілдері, сондай-ақ АҚШ, Қытай, Әзербайжан, Вьетнам, Мысыр сияқты елдерден де 70-ке жуық делегат келеді деп күтілуде. Еуразиялық Одақ аясында логистиканы жетілдіре түсу, сауда мүмкіндіктерін кеңейту - басты мақсат.  

Андрей Слепнев, Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда жөніндегі министрі:

Бүгінде біз сауда ағындарының айтарлықтай өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Бұл екі процеспен байланысты. Бір жағынан, құрлықішілік сауда бағыттарының рөлі артып келеді. Шын мәнінде, біз Ұлы Жібек жолының жаңа кейпіне қайта оралып жатқандаймыз. Бұл «Шығыс-Батыс» бағыты және одан да маңыздысы - Солтүстік теңіз жолын қоса алғандағы «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі. Осы маршруттарды интеграциялау мәселелеріне де тоқталамыз.

Форум аясында барлығы 12 маңызды құжатқа қол қойылмақ.


Бөлісу