Ертең Түркі мемлекеттер ұйымының бейресми саммиті басталады
Ертең Түркістанда Түркі мемлекеттер ұйымының бейресми саммиті басталады. Былтыр мамыр айында Венгрияның бейресми самитте «Шығыс пен Батыстың тоғысқан нүктесі» тақырыбы талқыланса, биыл «Жасанды интеллект және цифрлық даму» бағыты кеңінен зерделенбек. Ал саммитке дайындық қандай?
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Алыстан ат арытып бауырлар келе жатыр. Түркістанда түбі бір түркі елдерінің келелі кеңесі болмақ. Тарих ортақ, болашаққа да бірге, бірлесе қадам басу бауырлас елдердің басты ұстанымы. Түркістанда саммитке дайындықтың соңғы жұмыстары пысықталып жатыр.
Саммит мың адамға арналған Конгресс холлда өтеді. Ұйымға мұше елдердің басшылары және жалпы 7 мемлекеттен арнайы өкілдер келеді. Жиынға шамамен 500-ден астам адам қатысады деп жоспарланған.
Түркістанның кіреберісіне биіктігі он метрден асатын Тайқазан қойылған. Алты ғасырлық тарихы бар жәдігердің үлгісі түркі елдерінің ортақ тарихын паш етіп тұрғандай.
Көшпенділердің символы - киіз үй. Түркістанда саммит қарсаңында алып киіз үй тұрғызылды. Диаметрі 31 метр, биіктігі 15 метрден асады. Енді мұнда мәдени іс-шаралар, форумдар мен этнофестивальдер өткізіледі.
Бұдан бөлек, қолөнершілер орталығында ұлттық өнер мен заманауи шығармашылықты тоғыстырған ерекше жәрмеңке өтеді. Онда шеберлердің қолынан шыққан бірегей бұйымдар ұсынылып, келушілер ұлттық нақыш пен дәстүрлі өнердің ерекше атмосферасын сезіне алады.
Қауіпсіздік – ең басты назарда. Түркістанға бірнеше облыс пен Шымкент және Алматы қалаларынан тәртіп сақшылары жұмылдырылған. Шаһардың әр бұрышында бекет қойылып, қозғалыс қырағылықпен бақыланып отыр. Саммит кезінде қала ішіндегі жолдарға шектеу қойылады. Ал бүгіннен бастап мектеп оқушылары онлайн режимде біліп жатыр.
Жалпы, Қазақстан - түркі мемлекеттері ұйымының құрылуына бастамашы болған ел. Түркі интеграциясының ілгерілеуіне іргелі қадамдар жасап, Түркі академиясы және Түркі инвестициялық қоры сияқты құрылымдардың іске асуына ұйықтқы болдық. Ертеңгі самитте де келелі кеңес пен ұтымды ұсыныстар айталатын анық. Біздің түсірілім топ жиын барысынан және көшпелі студиядан жедел әрі анық ақпарат таратамыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы