Отандық стартаптар жаһандық нарыққа жол салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық стартаптар жаһандық нарыққа жол салды

19.06.2025

Қазақстанда енгізілген цифрлық шешімдерге Ұлыбритания үкіметі қызығушылық танытып отыр. Әсіресе министрліктері еліміздегі ұлттық тестілеу мен мемлекеттік қызмет салаларында қолданып жүрген стартапты жоғары бағалады. Лондондағы Технологиялар апталығы туралы Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова әңгімелейді.

Бұл – микро құлаққап қолданып, емтиханға келетіндерді анықтайтын детектор. Қазақстанда оның көмегімен жүргізуші куәлігіне тест тапсыратындарды тексереді. Құрылғыға Ұлыбританияның білім және көлік министрліктері де қызығушылық танытып отыр.

Ерсұлтан Ерманов, стартап жобаның негізін қалаушы:

Біз ұсынған шешім тендерге түсіп жатқан өзге компаниялардың өнімдерінен 12 есе арзан. Сапа жағынан да бәсекеге қабілетті.

«Астана Хаб» халықаралық технопаркі Лондонға отандық 4 стартап алып келді. Мақсаты – олардың әлеуетін көрсетіп, венчурлық инвесторлар табуға ықпал ету.

Құралай Айменова, «Астана Хаб» халықаралық технопаркінің өкілі:

Қазақстан туралы, біздің IT парк, технопарк туралы сұрап жатыр.

Бхавин Шах, «Малайзия телеком» LTD өкілі:

Қазақстандағы инновациялық технологиялар қызықтырады. Өнімдеріңізді өз нарығымызға шығарғымыз келеді.

Лондон технологиялар апталығы – инвесторлар мен стартаптарды біріктіретін халықаралық жиын. Биыл ол 125 елден 30 мыңға жуық қатысушының басын қосты.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу