Алматыда күн күрт суытып, қозғалыс қиындады
Алматыда кешелі бері тоқтаусыз жауған қалың қардан қоғалыс қиындады. Коммуналдық қызмет күшейтілген режимге көшіп, қала көшелерін қайта-қайта тазалап жатыр. Көктайғақта жол-көлік апаты да көбейген. Қазір алып шаһардағы ахуал қандай? Әріптесім Айдана Қуантхан баяндасын.
Айдана Қуантхан, тілші:
Кеше түннен бері толассыз жауған қардың қалыңдығы түске дейін-ақ, 22 сантиметрге жетті. Синоптиктер бір күнде айлық қардың 65 пайызы жауғанын айтады. Көктайғақтан көшеде көлік те, адамдар да кібіртіктеп әрең жүр. Ал тұрғындар ауа райының күрт бұзылуы біраз әбігерге салды, деп отыр.
Иә, тұрғындар осы ретте бірнеше сағат бойы кептелісте тұрғандарын әлеуметтік желілерде жарыса жазып жатыр.
Полиция мәліметінше, таңнан бері 53 жол-апаты болған. 14 адам зардап шеккен. Қоғамдық көліктің қатысуымен де жол көлік оқиғасы тіркеліпті. Қазіргі уақытта коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп-ақ жатыр. Мамандар түске дейін 4 мың 200 тонна арнайы қоспа шашып үлгергендерін айтады.
Жанат Жақыпбек, қалалық Инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
Бұл қар тоқтамайынша осындай жағдай болады. Өйткені, кешегі түннен бастап жол айрықтарын, жаяу жүргіншілер жолдарын арнайы қоспамен себідеміз. Ол көктайғақ болмас үшін. Қала сыртына қар шығару жұмыстары бүгін түнге бағытталған. Бүгінгі түннен бастап 700 техника қар шығару жұмыстарын бастаймыз.
Айдана Қуантхан, тілші:
Алып шаһарда ауа райы бұзылса, кептелістен бөлек такси бағасының бірден шарықтап кететіні белгілі. Мәселен, дәл қазір жол құны әдеттегі күнге қарағанда 1,5-2 есеге өскен. Ал «Казгидромет» күндіз көктайғақ болып, бүгін түнде Алматыда ауа температурасы 5 градусқа дейін төмендейді, деп болжады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы