Басты Жаңалықтар «Көкжиектен асқан үн» әр сенбі – Ұлттық арнада

«Көкжиектен асқан үн» әр сенбі – Ұлттық арнада

Димаш Құдайбергеннің алғашқы продюсерлік жобасы «Көкжиектен асқан үн» әрі сәнбе Ұлттық арнадан көрсетіліп жүр. Халықаралық ән сайысын Қытайдың Hunan Broadcasting System арнасы Қазақстанда түсірді. Бір мақсаты - еліміздің тұмса табиғатын күллі әлемге танытып, турист тарту болса, екінші себеп – өнерде шекара жоқ екенін көрсету. Таласты тартыстың бірнеше кезеңі өтті. Қай мемлекеттің өнерпазы алда келеді? Бейнесюжеттен көрейік.

Түсірілім жұмыстары еліміздің көрікті 6 өңірінде, атап айтсақ: Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстары мен Астана, Алматы қалаларында өтті. 1-кезең Түркістаннан басталды. Өнерпаздар барлық өңірді пойызбен аралайды.Сондықтан теміржол қызметкерлері қобалжып-ақ тұр.

Қонақтарды күтіп алып, жеребе тастау рәсімі аяқталған соң, реалити-жобаның шымылдығын Димаштың өзі ашты.

Халықаралық ән сайысында 6 мемлекеттің өнерпаздары бақ сынап жатыр. Олар Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Сербия, тіпті Италиядан арнайы келді. Қатысушылардан бөлек, түсірілім тобында 100-ден аса адам бар, олар әр сәтті қалт жібермей, таспалап жүр. 

Луо Синьсин, Жоба продюсері, бас режиссер:

Біздің ұжым өте үлкен. Шамамен 110-ға жуық адам келді. Әншілерді, олардың көмекшілерін қоссақ, 140-қа жуық адам жұмыс істеп жүрміз. Осыдан 2 жыл бұрын, Димаш мырза туған жері Қазақстанда әлемнің әр түкпірінен келген өнерпаздарды біріктіретін бір жоба түсірсек деген идея ұсынды. Біз ол кісінің бастамасын қолдап, 1 жыл бұрын жұмысты бастап кеттік. Келіссөздер жүргізіп, жоба жан-жақты талқыланды. Ең бастысы Қазақстан мен Қытай достық қарым-қатынастағы елдер. Біз осы музыкалық шоу арқылы екі елдің арасындағы сыйластықты көрсеткіміз келді.

Ал бұл әлемдік додада Қазақстанның намысын жас, жас болса да талантты әнші Нұржас Садырбай қорғайды.

Нұржас Садырбай, әнші:

Елде тұрып, жақсы өнер көрсетпесек, бізге сын болады. Сондықтан да тырысам барынша, қолымнан келгенше. Мен таныстырып, тағамдарды айтып, жерлермен таныстырып, өзім де тарихты бір оқып алып жатырмын. Қолдап отырыңыздар, иә?

Жарыс қатысушыларын бағалау да ең үздік мамандарға тапсырылған. Мәселен, Уолтер Афанасьефф – Грэмми жүлдесін 2-мәрте иеленген. Ол Селин Дион сынды әлемдік жұлдыздармен жұмыс істейтін продюсер.

Уолтер Афанасьефф, Композитор, продюсер:

Барлығы мықты деп айта аламын. Бірақ маған келешегі бар, алдағы уақытта продюсерлік етіп, ән жазып, бірге жұмыс істеуге болатын адамды таңдау керек болды. Қазақстанға келу жайлы бұрыннан ойлап жүретінмін. Бірақ Димаш Лос-Анджелеске бізге өзі келетін. Сондықтан жол түсе қоймады. Бірақ бұл жолы өзі арнайы шақырған соң елдеріңізге келу бақыты бұйырды.

Өнерпаздар сайыстан тыс уақытта, Түркістан өлкесін аралап, халықтың тыныс-тіршілігімен танысып, тарихымыз бен салт-дәстүрімізді сұрап жатыр. Ал Отандасымыз Нұржас, алғашқы кезеңде-ақ оң нәтиже көрсете бастады.

Телебағдарламаның қазақ тіліндегі нұсқасын Қазақстан ұлттық арнасы әр сенбі сайын көрермен назарына ұсынады. Ал жобаның күнделігі, ең қызықты сәттері сәрсенбі 15:35-те көрсетіледі. Нұржас осы бір үздік нәтижені алдағы кезеңдерде сақтап қала ала ма? Бірге көріп, Отандасымызға жанкүйер болайық!

Бөлісу