Өз ісіне деген сүйіспеншілік пен асқан жауапкершілік кез келген қиын жағдайды жеңіп шығады. Осыдан 3 жыл бұрын Шымкент қаласындағы перзентханада болған жойқын жарылыс кезінде сол күнгі кезекші дәрігер Ақмарал Бейсенқызы ауруханадағы ананы да, баланы да аман алып қалды. Әріптестерімен бірге 183 науқасты қауіпсіз жерге көшіріп үлгергенін әріптестері зор мақтаныш және айырықша құрметпен айтады.
Сол күні сенбі болатын. Мамыр айының мамыражай күнін түс кезінде болған жарылыс астан-кестең етті. Іргедегі дәріханада болған жойқын дүмпуден 2 қабатты ғимараттың біраз жері қирап қалды. 1-қабаттағы терезелердің сау тамтығы қалған жоқ. Дәрігерлер үрейленгенімен абдырап қалмады. Жарылыс үдеп кетпеу үшін оттегі толтыру стансасына баратын құбырды бекітті. Дереу науқастарды көшірудің әрекетіне кірісті.
Ақмарал Бейсенқызы, қалалық перинаталды орталықтың бас дәрігерінің орынбасары:
Босанып жатқан әйелдерді сол жерде гараж болатын, сол жерде босандыра бастадық. Сырттан жедел жәрдем көмегі жеткенше, жақын арадағы ауруханаларға апаруды шештік. 183 пациентті және балалардан бірде-бір шығын болған жоқ.
Сол күні перинаталды орталықтың жансақтау бөліміндегі күйбездерде шала туған 12 нәресте жатқан. Оның арасында үшемдер де бар. Анель алдымен соларға қарай жүгірді. Жағдайы тым ауыр, аппаратпен жасанды тыныс алып жатқан 5 сәбиді күйбездерімен көтерген күйі сыртқа алып шықты.
Анель Мүсірәлиева, облыстық перинаталды орталықтың бөлім меңгерушісі:
Сыртқа жүгіріп шықтым. Жарылыс болған жерде көлігім тұр екен. Қарасам, зақымданған. Бірақ жүретінін білдім де, сол 5 нәрестені алып, көлікке отырдым, ешнәрсеге қараған жоқпын. Қалалық перзентханаға апардым. Содан кейін қалған нәрестелерді шығара бастадық.
Ақмарал Бейсенқызы медицина саласында 35 жылдан бері еңбек етіп келеді. Жоғары санатты маман. Денсаулық сақтау саласының үздігі.
Ақмарал Бейсенқызы, қалалық перинаталды орталықтың бас дәрігерінің орынбасары:
Перинаталды орталықта жұмыс істеу – тура бір соғыс алаңында жұмыс істегендей боласың. Сондай сезім бар. Пациент бізге қиналып келіп, қуанып бара жатқанда көңілде қуаныш болады. Ерлік жасағандай боласың.
Биыл жыл басынан бері Шымкентте 8 мыңға жуық шарана жарық дүние есігін ашқан. Оның 7-8 пайызы ай күні жетпей және түрлі диагнозбен туғанына қарамастан, Ақмарал Бейсенқызы секілді білікті дәрігерлердің арқасында жетіліп, ата-аналары перзенттерін аман сау бауырына басқан.
Ғани Қалмаханов
