Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрғандар сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрғандар сотталды

11.06.2025

Шетелдік дәрілердің жалған түрін жасырын жолмен ел нарығына тасымалдап, тіркеп келген трансұлттық қылмыстық топ мүшелері сотталды. Олардың қатарында Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты жауапты лауазым иелері де бар. Атап айтқанда, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматыдағы департаменті бас маманы, сондай-ақ Жамбылдағы департамент бастығының орынбасарына сот үкім кесті. Бұлардан бөлек, екі фармацевтикалық компания басшылары мен қызметкерлері сотталды.

Анасы мен қызы басқаратын серіктестіктер Үндістаннан көлеңкелі жолмен әкелген дәрілерді Отандық өнім ретінде көрсеткісі келген. Сөйтіп өзіміз өндірдік деп ұлттық орталықтың тіркеуінен өткізген. Бір қызығы дәрілердің барлығы қолдан жасалған. Олардың түпкі ойы жеңілдігі бар өндіруші ретінде тендерге қатысып, дәрілерді мемлекетке саудалау болған. Ал олардың жымысқы жоспарының жүзеге асуына медицина саласындағы мемлекеттік қызметшілер мүдделес болған. Олар 8 млн теңге пара алған. Судья серіктестік құрылтайшыларын 11 және 9 жылға бас бостандығынан айырды. Ал алматылық бас маман 5 жылға жуық уақытын темір торда өткізеді. Жамбылдағы департамент орынбасары 500 млн теңге айыппұл төлеп құтылды. Ал үндістандық екі азаматты іздеу бойынша жеке іс жүргізілмек.

 Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу