Қазгидрометтің мәліметінше елдің шығысынан басқа өңірлерде ертең де жауын- шашын болады. Өткен демалыста Ақмола облысында 2, Ал Солтүстік Қазақстанда бір адамға найзағай түсіп, қайтыс болды. Үшеуі де далада мал бағып жүрген. Жалпы, табиғаттың тосын құбылысынан қалай қорғану керек, жай түскен адамды аман алып қалуға болады ма? Әріптесім Эльмира Кәленованың бейнематериалы.
Азамат Асқарбеков 20 жылдан бері мал бағады. Бір кездері жайлауда болған найзағай қабылдағыш діңгектердің қазір ізі де жоқ. Айтуынша, 90-шы жылдары олар қараусыз қалып, маңайдағы ауылдардың тұрғындары металл қабылдайтын пункттерге тапсырып жіберген. Малшы жаңбыр жауып, күн күркісере көл жағасындағы үйді паналайды.
Азамат Асқарбеков, малшы:
Былтыр енді Қызыл жұлдыз деген жерде бір жігіт найзағай соғып, қайтып кетіпті дейді. Бірақ ол жігіттің құлағында құлаққап болған екен. Ұялы телефоны қалтасында болған, көрдіңіз бе тоқ қой, ол тартады ғой.
Найзағай – толық зерттелмеген табиғи құбылыс. Оның жылдамдығы секундына 100 мың шақырымға жетеді. Ал қуаты 100 мың амперден асады. Бұл біз күнделікті пайдаланып жүрген электр энергиясынан 6,5 мың есе жоғары.
Исламбек Кенжетаев, Жедел жәрдем қызметінің дәрігері:
Адамға найзағай түскен кезде күйдіріп жіберуі мүмкін. Жүректің тоқтауы, өкпе демалысы бұзылуы мүмкін. Жеңіл, орташасында адамға көмектесуге болады. Ауыр жағдайында адам өліп кетуі де мүмкін. Айналасындағы адамдар, соққан кезде бірден қасына жоламауы керек. Өйткені, оларда өздерінің разряды болады.
Сондықтан мамандар мүмкіндігінше бірден жедел-жәрдем қызметін шақыруға кеңес береді. Егер найзағай соққысы жеңіл және орташа деп бағаланса, адамды аман алып қалу мүмкіндігі де жоғары.
Эльмира Кәленова, тілші:
Найзағай ойнағанда үйде болсаңыз, бірінші кезекте тұрмыстық техниканы тоқтан ажырату керек. Есік терезені жауып, қауіп сейілгенше бөлменің орта тұсында отырған абзал.
Найзағай суға, ең биік нүктеге түседі дейді мамандар. Сондықтан ашық жерде келе жатсаңыз, тізерлеп отырған абзал. Ал орманда төмен ағаштардың астына тығылған жөн.
Мейрамгүл Бектемірова, физика пәнінің оқытушысы:
Телефонды сөндіру керек, шашты тығу керек. Неге десеңіз, шашта зарядтар көп, олар үйкеліседі. Теріс, оң зарядтар көбінесе бір-біріне тартылады. Және үлкен бұлттар – қара бұлттардан қорқу керек.Найзағайды болжау - өте күрделі процесс. Себебі ол тез өзгеретін атмосфералық құбылыс. Дегенмен ғалымдар жоғары технологиялардың арқасында найзағайды дәлдікпен болжау жолдарын игерді.
Эльмира Кәленова
