Ұлттық арна: Телемарафонға 40-тан астам сарапшы қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арна: Телемарафонға 40-тан астам сарапшы қатысты

06.06.2025

Кеше «Qazaqstan» Ұлттық арнасында «Таза Қазақстан – таза болашақ» республикалық телемарафоны өтті. Табиғатты аялауға шақыратын бұл іс-шара таңғы сағат 7-де «Таңшолпан» бағдарламасынан басталып, 20:00-ге дейін 5 арнайы шығарылым арқылы көрсетілді. Артынша «Ашық алаң» саяси ток-шоуында сарапшылармен түйінделді. «Ақпарат» жаңалықтарында маңызды бастамалар, экологтар мен еріктілердің еңбегі, еліміздің көрнекті жерлерін қорғау бағытында қолға алынған тың деректер ұсынылды. Есіл өзенінің жағасында көшпелі студия жұмыс істеді. Еліміздің бірнеше өңірінен және Бельгия, Ресей, Түркия секілді алыс-жақын шет мемлекеттерден тікелей қосылымдар ұйымдастырылды. 40-тан астам сарапшы жасыл желекті көбейту, орманды өрттен қорғау, су ресурстарын тиімді пайдалану жолдарын айтты. Телемарафон Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Эколог күніне орай ұйымдастырылғанын еске сала кетейін. Бұл аңыз бен ақиқат жайлаған жерлерімізді келер ұрпаққа сол күйінде сақтап қалуға, қоғамдағы бірлік пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Жанел Нұрболат

Хабарламаларға жазылу