Ұлттық ғылым академиясы ғалымдарының мәліметінше, соңғы 50 жылда еліміздегі алқаптың 25 млн гектары шөлейтке айналған. Бұл жыл сайын ұлғайып келеді. Осы орайда жануарлар мен өсімдіктер әлемінің биологиялық алуан түрлілігін сақтау өзекті. Сондай-ақ биологиялық әртүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор құру қажет, - дейді мамандар. Сарапшылардың пікірінше табиғи экожүйелерді сақтау — бұл тек экологиялық мәселе ғана емес, Қазақстан мен Орталық Азияның тұрақты дамуы үшін стратегиялық міндеті. Бұл туралы Алматыда өткен халықаралық форумда айтылды. Басқосуға халықаралық ұйымдардың өкілдерімен қатар Ресей, Германия, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан елдерінің жетекші ғалымдары қатысты. Жиынның қорытындысы бойынша талқылау барысындағы негізгі ұсыныстар, бастамалар мен биологиялық әртүрлілік мәселелерін шешу жолдары қамтылатын қарар әзірлеу туралы шешім қабылданды.
Талғат Сейітұлы, Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры:
2030-жылға дейін ерекше қорғалатын табиғи аумақты 3,5%-ға арттыру көзделген. Сол себепті осы бағытта жұмыс жасап, алдымен, біздің бірегей табиғат кешендерін сақтап, соны ерекше қорғалатын табиғи аумақ құру арқылы табиғатымызды сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізуіміз керек.
Қуан Нұрақын
