Қоршаған ортаны қорғаудың сан түрлі жолы бар. Солардың арасында жасанды интеллект те тиімді шешім болып отыр. Мәселен, заманауи жүйе судың ластану деңгейін, сондай-ақ заңсыз кесілген ағаштарды да анықтайды. Табиғатқа деген қамқорлық пен жаңа технологияларды ұштастырған әлемдегі тәжірибелер туралы әріптесім Темірлан Нұржанұлы айтып берсін.
Жаз басталғалы жұрт суға түсуге асық. Өзен-көл мен жағажайларға ағыла бастаған халыққа судың тазалығы да маңызды. Осыны ескерген Ұлыбританиялық компания су сапасын анықтайтын құрылғылар орната бастаған. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейін технология өзен-көлдердегі бактерия мөлшерін анықтап, шомылу қауіпті екенін алдын ала ескертеді. Құрылғы Уорли Уэйр өзенінде сынақтан өткен. Осылайша жүйе судың ластанғанын 87 пайыз жағдайда дұрыс болжаған.
Орман өмірін жаңа жүйе бақылайды
Әлемде жыл сайын шамамен 10 миллион гектар орман жойылады. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі осы. Бұл адамдардан бөлек, жан-жануарлар мен өсімдіктердің тіршілігіне үлкен қауіп. Бұл үдерісті бақылайтын технологиялар да еніп жатыр. Мәселен, Space Intelligence компаниясы спутниктен алынған суреттер мен жасанды интеллект жұмысын біріктіріп, орман жамылғысының қалай өзгеріп жатқанын анықтайды. Осы әдіспен 30 елде 1 миллион гектардан астам жер картаға түскен. Жүйе тек жойылып жатқан ормандарды көрсетіп қана қоймай, заңсыз ағаш кесу әрекеттерін де бақылауға мүмкіндік береді.
Қоқыс сұрыптау жетіле түсті
Лондондық стартап дәл сол ЖИ-дің арқасында қоқыс сұрыптауды жетілдіріп жатыр. Greyparrot компаниясы жасаған жүйе қайта өңдеу зауыттарына келіп түсетін қалдықтарды автоматты түрде талдап, жарамды материалдарды көбірек сұрыптап алуға көмектеседі. 2022 жылдың өзінде бұл жүйе 67 түрлі санаттағы 32 миллиард бөлшек қалдықты бақылаған. Осылайша жаңа технология қоқысты қайта өңдеу тиімділігін арттырып, қалдықтарды басқарудың заманауи жолын ұсынып отыр.
Темірлан Нұржанұлы
