Жуық арада «Шоқан ізімен» атты ауқымды халықаралық экспедиция жолға шығады. Этнограф-ғалым, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың мол мұрасын зерттейтін топ бірегей тұлғаның ізімен жүріп, қырғыз елі, Қытайдың Қашқар қаласына дейін барады. Ізденіске толы тағылымды сапар қарсаңында Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтын емел» мемориалды музейінде бүгін «Жарқ еткен жасын ғұмыр» атты ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды.
Кезекті сапарынан ауыр сырқаттанған жас ғалым Матай тауының етегінде дәл осы сәуір айында қаза болыпты. Саяхатшының қысқа ғұмырын біліп, шығармашылығын танысам деген жұрт алдымен бейіт басына барып, Құран бағыштайды. Жотадағы терең ойға шомып тұрған ескерткішіне гүл шоқтарын қояды.
Шоқантанушы ғалымдар Уәлихановтың мол мұрасы мың жылға азық екенін алға тартады. «Ал, оның зерттеушіліктен бөлек, басқа да қырларын әлі көп біле бермейді», - дейді профессор Әбен Нұғманов.
Әбен Нұрманов, профессор, шоқантанушы:
- Бірінші тәрбие, екінші педагогика жағы, үшінші оның журналистік жағы. Өйткені, ол публицист. Семей мен Ташкенттің, Ресей мен Қытайдың бағасын салыстырып, маркетолог есебінде де танылды.
Шоқтығы биік Шоқанды елге дәріптеген зерттеуші атындағы мемориалдық музей. Мыңдаған адам рухани шаңырақта саяхатшының сапарлары жайлы құлағдар болып, жеке бұйымдарымен танысады. Рухани азық алады.
Сәуле Әбішева, Ш. Уәлиханов атындағы «Алтын емел» мемориалдық музейінің меңгерушісі:
- Осы жұмысымыздың негізгі мақсаты - небәрі 30-ақ жыл өмір сүріп кеткен Шоқан Уәлихановтың артында қалдырған өшпес тарихи мұраларын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, аманаттап, зерттеу.
Биыл жазда үш мемлекет аумағын қамтитын «Шоқан ізімен» атты ауқымды экспедиция жолға шығады. Шоқантанушы ғалымдар, республикалық БАҚ өкілдері және блогерлер Шоқанның жүрген ізімен жүріп өтіп, Қырғызстан, Қытайдың Қажғар қаласына дейін жетіп, сол жақтан зерттеуші туралы тың мағлұматтар мен деректер жинап қайтпақ.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.