Шерзат Полаттың қазасына кінәлілер 7 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Абзал Шынасыл Шерзаттың өлімі үшін айыпты деген прокурор оны 23 жылға қамауды сұрады. Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Шерзаттың анасы Абзал Шынасылды баласын өлтіргені үшін өмір бойына темір торға қамауды сұрағанын жеткізді.
Одан өзге, Равиль Сакиев «адам өлтіруге оқталу» фактісі бойынша 20 жылға, бұзақылық бабымен Азамат Тоқтаубаев 15 жылға, Нұрқияс Ілиясов 9 жылға сотталуы тиіс, деді прокурор. Сондай-ақ Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахметті 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Прокурор куәгер Эльмира Нұрбекованы, Дана Жақсыкелдіні және Қазыкенов пен Розыбакиевті қылмысты жасырып қалғаны үшін заң аясында жазалау туралы өтініш жасады. Ал Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов кәмелетке толмаған жасөспірімге кешірім берді. Ол аса ауыр қылмысты хабарламады деген айыпталған болатын.
Сотталушы Дидар Қалиахметтің қорғаушысы Баймұханова Қаржаубай Нұрымовтың дүкеннен пышақ алып шыққанын айтып, оның інісі марқұм Ғайыпбаевты мылтықтан оқ атты деп айыптады. Сондай-ақ істі Алматы облысының жауапты органдарына жолдап, марқұмның әкесін заң аясында жазаға тартуды ұсынды.
Гауһар Баймұханова, сотталушы Д. Қалиахметтің қорғаушысы:
Құрметті сот, Полат Шерзатты, Ғайыпбаев Нұрқанатты, Қаржаубай Нұрымовты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құрамының болуына байланысты жеке қаулы шығаруыңызды сұраймын. Және Алматы облыстық прокуратурасына жіберу керек.
Баймұханованың пікірін өзге де сотталушылардың адвокаттары қостады.
Осылайша бүгін тараптардың сөзі тыңдалды. Жәбірленушілер мен сотталушылардың адвокаттары түгелдей қорытынды пікірлерін білдірді. Сот отырысы ертең жалғасады.
Дамир Нұрмұхамет
