Отбасы банкінде үш миллионыншы депозит ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отбасы банкінде үш миллионыншы депозит ашылды

29.05.2025

Салымшылары күн санап артып келе жатқан Отбасы банкінде бүгін үш миллионыншы депозит ашылды. Оның иесі - Шымкент қаласының тұрғыны Жанат Құлбаева. Бес жыл бойына мегаполисте пәтер жалдап келген отбасы енді банктің көмегімен жуық арада баспаналы болудан үмітті.

Үш перзент өсіріп отырған жас отбасы үйлі болу үшін былтырдан бастап ақша жинақтай бастаған. Іле-шала туыстарының бірі оларға көмектесіп, жинақ депозитын береді. Тап осы қаржы үш миллионныншы салымға айналды. Енді Жанат банктегі барлық жинақ қаражатын біріктіре алады. 

Жанат Құлбаева қала тұрғыны:

Отбасы банктің пайызы аз. Жылына бір сыйақы береді. Басқа банктерге қарағанда, мөлшерлемесі төмен. Сол жағынан бізге қатты ұнады. Осы банктің көмегімен баспаналы боламыз деген үміттеміз.

Осылайша, қазақстандықтар бүгінгі таңда Отбасы банкінде 2,4 триллион теңге жинаған. Қаржы жинақтаушылардың ең үлкені 92 жаста болса, кішісі әлі жасқа да толмаған. Банк қаржылық мүмкіндігі және әлеуметтік жағдайы әртүрлі топтағы салымшылардың сұранысын қанағаттандыру үшін 10-нан астам тұрғын үй алу бағдарламасын қаржыландырып келеді. Және оның шарттарын ыңғайлы етіп, үнемі жетілдіру үстінде.

Еркін Ақыншаев, «Отбасы банк» АҚ Шымкент қаласы филиалы басшысының орынбасары:

«Қамқор» бағдарламасында бұрын 6 сфера болса, енді 8-ге дейін көбейтіп жатырмыз. Тағы да қосылады. Және де мемлекеттік бағдарлама бойынша, 5 пайыз (ЖТСМ 5,2% бастап 5,8% дейін) несие беріп жатқан кезде көпбалалы аналар, мүгедек баласын асыраушылар да мемлекеттік бағдарламаға кіре алады. Бастапқы жарна 5-10 пайызбен (ЖТСМ 5,2% бастап 5,8% дейін несие ала береді

Отбасы банк құрылған 22 жылдың ішінде 44 мың 180 азаматтың баспаналы болуына қаржылай қолдау білдірген. Тұрғын үй сатып алу үшін берілген несиенің көп бөлігі Астана қаласы тұрғындарының үлесінде болса, онан кейінгі орында Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларының халқы.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу