Жамбыл облысында су шығындап келгендер жазаға тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында су шығындап келгендер жазаға тартылды

28.05.2025

Жамбыл облысының 7 ауданында суы сыртқа өздігінен ағатын 400-ге жуық ұңғыма анықталды. Оның ішінде қараусыз қалған 150 нысан Меркі ауданына тиесілі. Салдарынан күн сайын миллиондаған литр су ысырап болып келген.

Тіпті жер бедері өзгеріске ұшырап, телімдердің нысаналы мақсаты бұзылған. Кейбірі мүлдем жарамсыз. Судың өздігінен ағуы өрескел заңбұзушылыққа жатады. Өйткені ұңғымалар уақытылы есепке алынып, бітелмеген. Прокурорлар аудан әкімдіктері мен Шу-Талас бассейндік инспекциясына олқылықты реттеуді тапсырды. Енді ұңғымаларды паспорттық тексеруден өткізіп, әрі қарай қалай пайдалану керектігі қаралмақ. Ал Тараздағы тексеруде жасыл желекті суаруға арналған ұңғымалардың 60%-ның істен шыққаны анықталды. Бұдан бөлек, өңірде балық өсіретін 20-дан астам кәсіпкер суды рұқсатсыз әрі шектеусіз пайдаланып келген. Олар тіпті су есептегіш құралдарын да орнатпаған.

Дәурен Көбеев, облыстық Табиғат қорғау прокуроры:

Балық өсіру үшін дренаждық каналдардың суын заңсыз пайдаланған. Пайдалы қазбаларды өндірушілер де рұқсатсыз су алып, салық төлемей келген. Су көздеріне жақын орналасқан моншалар да тіршілік көзін тиісті құжатсыз пайдаланған. Бұған жол берген 30 кәсіпкерлік нысан мен жауапты мамандар тәртіптік жазаға тартылды.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу