Шерзат ісі: Айғақ заттарды тексеру процесі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шерзат ісі: Айғақ заттарды тексеру процесі басталды

22.05.2025

Талдықорғанда Шерзат ісіне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Кеше сотталушылардан жауап алу процесі аяқталды. Бүгін сотта зат пен айғақтарды қарап тексеруді бастады. Куә Дана Жақсыгелдінің айғақтарға қарап тексеру кезіндегі бейнежазбасы көрсетілді. Куәгер оқиға орнына барып төбелестің неден басталғанын баяндаған. Ол өз сөзінде оқиғадан кейін мылтықты сотталушы Шыңғыс Белғожаев көліктен алып түсіп, артынша қарусыз қайта оралғанын айтты.

Марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовтан да тергеушілер мән-жайды сұрастырған. Ол қорғану мақсатында алып шыққан пышағын көрсетті. Алайда сотталушылар бейнежазбадағы пышақ пен оқиға кезіндегі Қаржаубай Нұрымовтың алып шыққан пышағында айырмашылықтар барын айтты.

Сондай-ақ сотталушы Дидар Қалиахмет пен марқұмның анасы Гүлбара Бишембиеваның беттестіру хаттамасы оқылды. Сотталушының адвокаты Баймуханова Бишембиеваның сотта берген жауабы мен беттестіру кезінде айтқаны арасында қарама-қайшылықтар барын мәлімдеді. Судья Ержан Жанұзақов марқұмның анасын сотқа шақырту жайлы тапсырманы жәбірленуші тараптың қорғаушыларына берді.

Қазір үзіліс жарияланды. Сот отырысы түстен кейін қайта жалғасады. 

Дамир Нұрмұхамет

Хабарламаларға жазылу