Шымкентте ағаш көшеттері жазға жетпей қурай бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте ағаш көшеттері жазға жетпей қурай бастады

20.05.2025

Шымкентте былтыр күзде егілген ағаштар биыл жазға жетпей қурай бастады. Мәселен, әл-Фараби даңғылы бойына отырғызылған 8 мыңдай жасыл желектің үштен бірінің жапырағы солып, сарғайып кеткен. Шаһар тұрғындары қазынаның қыруар қаржысының бұлайша желге ұшқанына наразы. Айтуыларынша, ағаш егілгенімен, оны күтіп-баптау жұмысы дұрыс атқарылмайды. Жасыл желек дер кезінде суарылмайды. Оның үстіне биыл жаз басталмай жатып, аймақта күн қатты ысып кетті.

Сабыржан Байбосынов, қала тұрғыны:

Күзде егілген ағаш қурамауы керек. Өйткені күзгі, көктемдегі жауын-шашынмен оның тамыры жердегі лаймен қабысып, жабысып қалады. Сөйтіп, қаншама ағаш қурап бастаған. Олай болса, Шымкентте көгалдандыру жұмысын тоқтату керек. Өйткені ақша текке кетіп жатыр.

Мегаполисте жыл басынан бері 24 магистарльді көшелердің бойы көгалдандырылған. Жалпы, 400 мың шаршы метр аумаққа ағаш пен гүл отырғызу үшін қазынадан 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жайлы ортаны қалыптастыру басқармасы мамандары да мониторинг жасап, күздегі егілген ағаштардың 20 пайызының қурап қалғанын анықтаған.

Байдос Қуаныш, қалалық жайлы ортаны қалыптастыру басқармасының бас маманы:

Жасырмаймыз, қураған ағаштар бар. Бірақ мемлекетке берген кепілдеме ретінде мердігер мекеме алдағы күзгі ағаш отырғызу маусымында қайта ауыстырып береді.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу