Аудит қорытындысы: Бюжеттің орындалуында 862 млрд теңгенің бұзушылықтары анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аудит қорытындысы: Бюжеттің орындалуында 862 млрд теңгенің бұзушылықтары анықталды

19.05.2025

862 млрд теңге. Бюжеттің орындалуында осынша қыруар миллиардтарға қатысты бұзушылықтар анықталды. Бұл - 27 рет жүргізілген аудиторлық тексерудің нәтижесі. Сонымен қай салада берген қаржыны мүлдем игермей, тиімсіз пайдаланып жатыр? Ал ел қоржынын толтырып отырған салықтық түсім қанша пайызға азайып кетті? Мәжілістегі жиыннан Самал Қабышева толығырақ.

Білім саласында біраз былық бар. Аудит қорытындысына сәйкес, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тек 13 мектеп ғана пайдалануға берілген. Ал Оқу-ағарту министрілігінің жоспарына сәйкес, 111 мектеп пайдалануға берілуі тиіс болған. Оның 105-ң құрылысы аяқталған. Бірақ берілмеген. Осындай олқылық жетіп артылады. Халықты интернетпен қарық қыламыз деп, ол жоспар да тиісінше орындалмаған.

Нұрлан Нұржанов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі:

2024 жылы қолжетімді ұлттық жобасы көрсеткіштерінің тек 33 пайызына ғана қолжеткізілді. Жоспарланған 751 мың тұрғыны бар 858 ауылдың ешқайсысы талшықты оптикалық байланыс желілері арқылы қолжетімділікпен, ал 35 мың адамнан 328 адам тұратын ауыл спутниктік арнамен қамтамасыз етілмеген.

Бюджеттің негізгі кірісі салық түсімдері. Қазына қоржыны осы салықпен толады. Республикалық бюджет кірісінің 63%-ы  осы саладан. Яғни, 12 трлн теңгеден аса кіріс салықтан түскен. Дегенмен 2023 жылмен салыстырғанда салықтың үлесі 5%-ға төмендеген. Яғни, кіріс 604 млрд теңгеге азайған.

Былтырғы республикалық бюджеттің орындалуына қатысты Жоғары аудиторлық палата 27 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 862 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 65%-ға көп. Бюджетке 135 млрд теңге өтелді. Қалғаны орындау мерзімдері келгенде игеріледі. Бұзушылыққа жол берген 175 жеке және заңды тұлға әкімшілік 198 адам тәртіптік жауапқа тартылған.

Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

2024 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 92 млрд теңге игерілмеген. Осы жылы Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Көлік министрліктерінде игерілмеген қаржы көлемі жоғары болды, олардың әрқайсысы 20 млрд теңгеден артық игермеген.

Самал Қабышева, тілші:

Сондай-ақ республикалық бюджетке бір емес бірден 13 рет түзету енгізілген. Бұрын-соңды мұндай болмаған. Бұл рекордық көрсеткіш. Яғни бұл жағдай бюджетті жоспарлаудың төмен екенін көрсетеді, - деп сынады Мәжіліс депутаттары.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу