Шымкентте мемлекет қаржысын жымқырған шенеуніктер ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте мемлекет қаржысын жымқырған шенеуніктер ұсталды

19.05.2025

Қаржы мониторингі агенттігі Шымкенттегі университеттердің бірінде ақша жымқыру схемасын әшкере етті. Тергеу барысында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде қызмет көрсету, құрылыс-монтаж жұмыстары және тауар жеткізуге қатысты жалған келісімшарттар жасалғаны анықталды. Іс жүзінде бұл жұмыстар мүлдем атқарылмаған. Бюджет қаржысы жалған актілер негізінде өзара ымыраласқан компаниялардың шоттарына аударылып, соңынан қолма-қол ақшаға ауыстырылған. Күдіктілер қатарында ректордың міндетін атқарушы, қаржы және әкімшілік Департаменттердің директорлары, сондай-ақ серіктес ұйымдардың басшылары бар. Олар осындай жолмен білім ордасына бөлінген 256 миллион теңгені жымқырған және оған қымбат мүліктер сатып алған.

Салтанат Көшербаева, ҚР ҚМА басқарма басшысы:

Қылмыстық жолмен алынған кірістерге күдіктілер 6 қымбат авто көлік пен Шымкент қаласының орталығынан құны 254 млн теңге болатын элиталық коттедж сатып алған. Оларға сот санкциясымен тыйым салынды. 4 күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу