Талдықорғанда Шерзат ісіне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Сотталушы Азамат Тоқтаубаев сот алдында жауап берді. Ол бұрын 4 рет істі болған. 2024 жылы үй қамағына алынып, пробациялық бақылауда жүрген. Сөйте тұра, бұл шешімге қарамастан өзінің заң бұзушылыққа барғанын мойындады. Оның себебін денсаулығыма байланысты дәріханаға бардым деп түсіндірді. Алайда Шерзат Полаттың өліміне байланысты қамауға алынған соң Тоқтаубаевтың алдыңғы ісіне қатысты 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы сот үкімі шыққан. Түске дейінгі отырыста екі сотталушы жауап берді. Кәмелетке толмаған сотталушы оқиғаның мән жайын баяндады. Оқиға болған түні сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев одан көлік тізгіндеуін сұраған. Сондай-ақ төбелес аяқталғаннан кейін Абзал Шынасылдың көлік маңында пышақты сүлгімен сүртіп жатқанын көрдім деді. Еске сала кетейік кәмелетке толмаған сотталушыға марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов кешірім беретіндігін айтқан. Қазіргі кезде оған қылмысты хабарламағаны үшін айып тағылды. Сотталушы өз кінәсін мойындайтынын айтты.
Дамир Нұрмұхамет
