Жамбыл облысында шіріген қызылшаға шіркей қаптады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында шіріген қызылшаға шіркей қаптады

15.05.2025

130 мың тонна қант қызылшасын шірітіп алған Жамбыл облысында енді қара шыбын қаптады. Бүтін бір Меркі ауданы орталығының тұрғындары құжынаған жәндіктен қалай құтыларын білмей дал. Мүңкіген иіс меңдеп, шыбын-шіркей қаптағандықтан ел-жұрт есік-терезесін ашудан қалған.

Қара шыбын қаптады деп қапа болған Меркі және Ойтал ауылдарының тұрғындары аулаға шығудан қалдық дейді. Екі айдан бері есік, терезені қымтап отырудан жалыққан. Бұқара былтыр Меркідегі қызылша зауыты өнімді артығымен өңдейміз деп, шамасына қарамай шірітіп алды дейді. Соның салдарынан шірікке шыбын үймелеп мезі қылған.

Камилә Оспанова, Ойтал ауылының тұрғыны:

Шыбын көп, есікті аша алмаймыз. Үйіміге шыбындар қаптап кетті. Шіріп жатыр, иіс мүмкін емес. Үйден шыға алмаймыз. Балаларды далаға шығарып ойнату қиын. Жүрсең шыбындар аузыңа кіреді. Сол міне шіріп жатыр, осының кесірі мінекей.

Ал былтыр аймақ диқандары қызылша жинау бойынша рекорд орнатты. Алайда өнімдерін өткізе алмай, осы зауыт алдында кезек күтіп, кептеліске түскен еді.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Былтыр қыркүйекте қант қызылшасын өңдеу басталған болатын. Осы жерге төгілген 480 мың тонна тәтті түбірден 130 мың тонна қалдық қалған. Биыл наурызда өңдеу толық тоқтағанымен қара шыбын қаптаған аумақ әлі тазартылып жатыр.

Ал аудан әкімдігі Меркідегі мүңкіген иіс пен қаптаған шыбыннан құтылдық дейді. Бір ай бұрын бүгінгіден бетер басып кеткен. Қазір қызылша қалдықтарын Ойтал ауылынан 20 шақырым жердегі карьерге төгіп жатқандарын айтады.

Қайрат Арғынбаев, Меркі ауданы әкімінің орынбасары:

Шыбын не үшін келеді? Өйткені ол жерде қант қызылшасының сөлі бар. Қазіргі таңда сөлі толық жоқ болды. Шыбын-шіркей де жоқ болды қазір. Өрт сөндіруші көлігі деп қоямыз ғой, үлкен көлемдегі 6 тонналығымен 12 тонна дәрі шаштық біз сол жерге.

Әкімдік пен зауыт тарапы қызылша қалдығын осы аптада толық тазартып бітпек. Ал биыл тәтті түбірді қабылдауға қатысты дау болмайды дейді. Өйткені егіс көлемі айтарлықтай азайған.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу