Қазақстанда «Жасанды интеллект туралы» заң әзірленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда «Жасанды интеллект туралы» заң әзірленді

14.05.2025

Қазақстанда «жасанды интеллект туралы» заң әзірленді. Бүгін құжатты Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлады. Жаңа құжат 7 тараудан және 28 баптан тұрады. Жасанды интеллектіні қолдану үшін заңмен қандай талаптар белгіленеді? Қандай платформа құрылады? 

Қазақстанда ұлттық жасанды интеллект платформасы құрылады. Бұл – ЖИ өнімдерін әзірлеу мен қолдануға арналған бірыңғай жүйе. Арнайы инфрақұрылым. Заң жобасының маңызды бөлігі осы, деді депутаттар.

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Заң жобасы жасанды интеллект технологиясын пайдалану процесінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, пайдаланушылардың құқықтары мен бостандықтары, олардың жеке деректеріне басымдық беріледі.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Сондай-ақ, салаға қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақтыланады. Жасанды интеллектіні құрастырушылар өз жүйелерін пайдалану шарттарын белгілей алады. Өз құқықтарын қорғай алады және тәуекелдерді басқара алады. Ал, пайдаланушылар дербес деректерді қорғауға, автоматтандырылған шешімдерге шағымдана алады.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне басымдық беріп отыр. Таяуда өткен Ұлттық құрылтай отырысында еліміз үшін осы саланы дамытудың маңыздылығын тағы да атап өткені бекер емес. Бүгінде жасанды интеллект өнімдерін қолдану қарқынды дамып жатқанына қарамастан, тек санаулы елдер ғана оның толыққанды дамуына құқықтық негіз жасай алды.

Бұдан бөлек, жоба жасанды интеллектіні пайдаланудың кейбір түрлеріне де тыйым салады.

Самал Қабышева, тілші:

Енді кез келген адамның келісімінсіз оның эмоциясына, мінез-құлқына жасанды интеллектінің көмегімен талдау жасауға тыйым салынады. Яғни келемеждеуге жол жоқ. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тану үшін жасанды интеллектіні қолдануға болмайды. Жаңа заң жобасын Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдап, екінші оқылымға жіберді. Құжатқа әлі де толықтырулар енгізілуі мүмкін.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу