Жамбыл облысының диқандары су тапшылығының зардабын тартуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысының диқандары су тапшылығының зардабын тартуда

14.05.2025

Жамбыл облысы, Байзақ ауданында егіс алқаптарына ағын су жетпей, диқандар абдырап қалды. Бір айдан бері егіске су жыға алмаған шаруалар еккеніміз қурап қала ма деп қауіптенеді. Су сұраған жұрт «ҚазСуШар» мекемесінің есігін торып жүр.

Бақытжан Жидебаев өзен жағалап өзегіміз талды дейді. Талас өзенінен су келмеген соң, 20 гектарға егілген арпа, бидай қурап қала ма деп қорқады. Алқабы жерге соқа салынғалы су ішпегендіктен өніп шыққаны өспей қалған.

Бақытжан Жидебаев, диқан:

Жоңышқаға 1 млн 600 мыңдай ақша кетті. Оның бәрі күйіп кетейін деп жатыр. Не шөп жоқ. Малға беретін шөп таппай отырмыз. Былай шығып көрсеңіздер күйіп кеткен жердің бәрі. Сол жоңышқадан бірнәрсе алып малға берейін деп отыр едік, оны да құртайын деп отыр ғой.

Ағын су үшін алаңдаған 40-тан аса шаруа «ҚазСуШар» мекемесінің есігін күзетіп жүр. Енді егіс бір аптада тегіс қурайды дейді.

Нұркен Нұрдәулет, қожалық басшысы:

Ал қазір туралап келгенде «Қазводхоздың» кінәсінан, неге олар шартқа отырмады. Соның бәрін неге ерте шешпеді. Соның бәрін шешіп ерте шешкен кезде тура осыған келмейтін едік қой біз. Қаншама елді шырылдатып отыр қазір, құрғап кеткен егістері.

Ал мамандар қыста қар жаумай, тауға мұздық тұрмады дейді. Жауынның жоқтығынан да су қоймалары толмаған. Келісімге сай «Киров» су қоймасынан секундына 18 текше метр су келуі тиіс. Бірақ көршілер сұраған көлемнің жартысын ғана жіберуде. Салдарынан 3 аудандағы 100 шаруаға тіршілік нәрі жетпей жатыр дейді.

Бағдат Бейсенқұлов, «ҚазСуШар» РМК Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары:

Бірінші суғарымнан бәрі дақылдарын шығарғысы келеді. Бөліп, кезекпен алуға келіспей отыр. Бәріне бір мезетте су керек болып тұр. Бірақ сонда да осы жағдайдан шығу үшін біз Терісащыбұлақ су қоймасын ашып, қазір қосымша 5 куб Аса-Талас деген өзенаралық каналымыз бар, сол канал арқылы тастап жатырмыз.

Жауаптылар алқаптарға апта аяғына дейін су келеді деп сендіреді.

Айта кетейік, Қырғызстандағы «Киров» су қоймасы 95%-ға толып тұр. Бірақ біздің тарап суды көп көлемде ағызбай, жазда суаруға сақтап отырмыз дейді.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу