Шымкентте салмағы 655 грамм болып туған шақалақтың жүрегіне ота жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте салмағы 655 грамм болып туған шақалақтың жүрегіне ота жасалды

08.05.2025

Шымкентте салмағы небәрі 655 грамм болып туған нәрестенің жүрегіне операция жасалды. Ашық артериалды өзекке істелген хирургиялық ем сәтті аяқталып, дәрігерлер сәбиді аман алып қалды.

Рамазанның жансақтау бөліміндегі күйбезде жатқанына екі айдан асты. Анасы күніне бір рет келіп, бауырына басқаны болмаса, содан бері дәрігерлердің қарауында. 6 айлық болып, шала туған нәрестенің жүрегінде тесік бары әуел баста анықталған. Дәрігерлер баланың салмағын 1 келіге жеткенін күтіп, 45 күннен кейін ғана операция жасауға тәуекел етті.

Ерасыл Шәбетов, нәрестелер реанимациясы бөлімінің меңгерушісі:

Отадан кейінгі жағдай әлі де жасанды желдету аппаратында. Дәл қазір жағдайы бірқалапты, ауыр саналады. Емі әлі де жалғасуда. Өкпесі жетілгенге дейін осы аппаратта жатады. Және салмақ қосуы керек.

Жыл басынан бері перинаталды орталықта Рамазан секілді әртүрлі ауыр диагнозбен туған 12 сәбиге операция жасалған. Олардың барлығы да дін аман. Жалпы, бұған дейін жаңа туған сәбилерге операция балалар ауруханасында жсалатын. Ауру баланы әрі-бері тасып жүргенде біразы шетінеп те кететін. Мұндай жағдайды болдырмау үшін былтыр перинаталды орталықтан неонаталды хирургия бөлімі жасақталды. Мұнда былтырдың өзінде 47 операция жасалған.

Гүлбану Сыздықова, қалалық перинаталдық орталығының бас дәрігері:

Оның ішінде диафрагмалды грыжа көп кездеседі. Асқазан-ішек аурулары жиі кездеседі. Бір жағдай туа біткен перотониттен болды. Және де жүрек ауруы, нейрохирургиялық операциялар жасалуда. Оның ішінде өмір сүру деңгейі өте жоғары. Республикамен бірдей - 85,3 болып тұр.

Биыл Шымкентте 7 мыңға жуық бала жарық дүние есігін ашқан. Оның 7-8 пайызы ай-күні жетпей және түрлі диагнозбен туғанына қарамастан, дәрігерлер оларды емдеп, аман-сау үйіне шығарып салған.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу