Шерзаттың өліміне қатысты куәгерлерден жауап алу аяқталды. Алдын ала тыңдалым мен алты рет өткен сот отырысында бас-аяғы 20-ға тарта куәгер тыңдалды. Сондай-ақ бүгінгі сот отырысында Шерзаттың ағасы марқұм Нұрғанат Ғайыпбаевтың тергеу кезіндегі бейнежазбасы жарияланды. Онда Ғайыпбаев өзін және Шерзатты кімдер пышақтағанын фотоға қарап нақты көрсеткен.
Дамир Нұрмұхамет, тілші:
Бүгін сот отырысында «Қамажай» дүкеніне жақын орналасқан үйдің тұрғындары, яғни сол түні қанды оқиғаны көрген куәгерлерден жауап алынды. Сотта куәлік еткен тұрғынның бірі Наргиз Низамедова түннің бір уағында әйел адамның айғайлаған дауысынан оянғанын айтты. Үйдің балконынан қарағанда ол қарулы адамға ұмтылып, «Ат» деп дауыстаған қара киімді азаматты байқағанын да мәлімдеді. Ал Шерзат Полатқа соққы жұмсаған бұзақылардың бірін арық денелі, қызыл бас киімде болды деп сипаттады. Наргиз Низамедова өз сөзінде анасының айқайына қарамастан бір топ адам Шерзатты жабылып ұруды тоқтатпады дейді.
Наргиз Низамедова, куәгер:
Бірінші естігенім анасының даусы болды. «Балам, балам» деп айқайлады, сосын есімде жоқ. Сосын алдымен Шерзат жүгіріп кетті. Артынан ағасы жүгірді. Одан соң анасы айқайлап, баласын қорғап жатты.
Осыған дейінгі сот отырысында Чика есімді азаматтың төбелесті бастауға бұйрық бергені айтылған еді. Бүгін Чика яғни, Самат Әбдіқадір мен марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовтың беттестіру кезіндегі бейнежазбасы көрсетілді. Самат Әбдіқадір беттесіру хаттамасында өзінің ешқандай бұйрық бермегенін және дүкенге тек сауда жасау үшін барғанын айтқан. Сондай-ақ, Нұрғанат Ғайыпбаевтың да аурухана төсегінде жатып берген жауабы тыңдалды. Ол жерде Ғайыпбаев өзіне және марқұм інісі Шерзатқа кімдер пышақ сұққанын фотоға қарап көрсетеді.
Осылайша жәбірленуші тарап пен куәгерлердің сөзі тыңдалып бітті. Айта кетейік, бүгінгі сот отырысы 2 сағатқа ерте аяқталды. Себебі, сотталушылар жауап беруге дайын емеспіз деді. Олардан ертең жауап алынады.
Дамир Нұрмұхамет
