Шерзатты соққыға жыққанын сол түні дүкеннің маңында тұратын көршілер де байқаған. Бүгін сот отырысында «Қамажай» дүкенінің маңындағы үйлердің тұрғындарынан жауап алынды. Бұл жолы процеске жәбірленуші тарап жолдың алыстығын әрі күнделікті жұмыс барын алға тартып қатыспаған. 6-сот отырысы туралы әріптесім Дамир Нұрмұхаметтен білейік.
Дамир Нұрмұхамет, тілші:
Сағат 10-ға белгіленген сот отырысы қос тараптың адвокаттары кешіккен соң 20 минутқа кеш басталды. Отырыс басталмай тұрып, айыпталушы Нұрқияс Ілиясовтың ата-анасы бұған дейінгі сот отырысынан соң әлеуметтік желіде сотталушылардың видеосының таралып кеткенін еске салып, наразылығын білдірді. Кезекті сот отырысынан күліп шыққан олардың әрекетін көпшілік сынаған болатын. Судья Ержан Жанұзақов ол бейнежазбаны кімнің жариялағаны тексеріліп жатыр, тиісті шара қолданылады деп мәлімдеді. Түске дейін 7 куәгерден жауап алынды. «Қамажай» дүкеніне қарама-қарсы тұрған үйлердің бірінен оқиғаны Сәкен Әкежанов есімді тұрғын көрген. Алыстан түрлерін байқау мүмкін болмады, алайда жерде тізерлеп отырған адамды көзім шалды деді ол. Артынша он шақты жасөспірім оны ұрып, жерден ұзын затты көтеріп алып, сонымен соққы жасағанын байқаған. Сол түні оқиға болғанын естіп барған куәлердің бірі Дарын Жанболатұлы да өз сөзінде жерден қан мен мылтықтың оғын көргенін, кейін оқтың гильзасын жерден әйел адамның алып кеткенін көрген. Қазір үзіліс жарияланды. Сот отырысы түстен кейін қайта жалғасады. Ол туралы кешкі 20:00-дегі эфирде тарқатып айтамын.
Дамир Нұрмұхамет
