Қазақстанда алғаш рет онкологиялық науқастарды роботтандырылған әдіспен емдеу басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда алғаш рет онкологиялық науқастарды роботтандырылған әдіспен емдеу басталды

02.05.2025

Қазақстанда алғаш рет онкологиялық науқастарды роботтандырылған әдіспен емдеу басталды. Бүгін дәрігерлер жаңа құрылғымен бірінші операция жасап, науқастың қатерлі ісікке шалдыққан қуық асты безін алып тастады. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында жоғары технологияның көмегімен жасалған операцияға әріптесім Қуан Нұрақын қатысып қайтты.

Елімізге алғаш рет Қытайдан әкелінген мұндай кешенді жүйе күрделі операцияларды жеңілдетеді. Құрылғы басқа дене мүшелерін зақымдамай, кеспей, отаны жоғары дәлдікпен жасайды.

 Олжас Маратұлы, онкохирург:

Қайшымен кесіп жатыр. Және қайшыға қосылған монополяр және биполярлы энергиямен кесу ғана емес, күйдіріп босатады. Тез жазылуына, тез операцияны қан кету қаупін азайтады.

Қуан Нұрақын, тілші:

Қазір онкодәрігерлер қытайлық мамандармен бірлесіп 69 жастағы науқастың қуық асты безіне операция жасап жатыр. Операцияның басталғанына қазір 1 сағаттан асты. Өздеріңіз көріп тұрғандай мамандар монитор арқылы операцияның жүру процесін бақылап тұр.

Роботтандырылған әдісті қолдану отадан кейінгі асқынулар қаупін едәуір төмендетіп, науқастар тез оңалады. Әрі көп қан жоғалтпайды, дейді дәрігерлер.

Хусан Өмірзақов, Онкоурология орталығының жетекшісі:

Біз отандық хирургия жаңа кезеңге аяқ басты деп айта аламыз. Sage bot көпсалалы құрылғысы әзірге елімізде жалғыз. Мұның ерекшелігі хирург науқастың қасында тұрмай, робот арқылы қашықтан операция жасайды.

3 сағатқа созылған операция сәтті аяқталды. Еліміздің мамандары былтыр құрылғының қыр-сырын меңгеру үшін Қытайға барып, тәжірибеден өтіп келген. Енді бұл жаңа технология барлық науқас үшін қолжетімді.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу