Бүгін Петропавл жұртшылығы өзге облыстардан келген құтқарушыларға құрмет көрсетіп, шығарып салды. Салтанатты шараға Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысып, бірнеше елдімекенді тасқын судан аман алып қалған азаматтарға алғыс хат, медаль және тағы да басқа наградаларды табыстады. Алматы, Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстары мен Астана қаласынан 800-ден аса адам келген. Олар жергілікті әріптестеріне бөгеттерді нығайтуға, тұрғындарды эвакуациялауға, құтқару жұмыстарына көмектесті. Жергілікті халық та белсенділік танытты. Тынымсыз еңбек пен бірліктің арқасында тұрғын үйлерге су кірген жоқ. Есіл өзенінің деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Әзірге қала маңындағы саяжайлар суда тұр. Эвакуацияланған тұрғындардың барлығы үйлеріне оралды.
Әділет Маратұлы, 52/859 әскери бөлімінің рота командирі:
3-наурыздан бастап, су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дауыл да болды, толқын да болды. Соған қарамай, өз міндеттерімізді атқардық. Барлық барған жерде бізді жақсы қарсы алды.
Эльмира Кәленова
