Солтүстік Қазақстандағы Тепличное ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстандағы Тепличное ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілуде

25.04.2025

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы Тепличное ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілуде. Алайда халықтың көпшілігі үйлерін тастап кетуден бас тартып жатыр. Елдімекенге тасқын қаупі төніп тұр. Су деңгейі көтеріліп, биіктігі бөгетке дейін жетті.

Бөгеттің осал тұстарын бекітікен әскерилер бір тәуліктен бері бел жазбай жұмыс істеуде. Ауыр қап көтерген сарбаздар тұрғындардың «биыл да су баспаса екен» деген үмітін қоса арқалағандай, табандылықпен бар күштерін салуда.

Елдімекенде 800-ге жуық тұрғын бар. Көршілес Бескөл ауылдық мектебінде эвакуациялық пункт ашылды. Бірақ тұрғындар үйлерінен кетуге асығар емес.

Зоя Барабанова, ауыл тұрғыны:

Біз жарты жыл жөндеу жасадық. Әкімдік көмектесті. Несиеге жиһаз алдық. Оның бәрін тастап, кете алмаймыз. Бізге алдын-ала ескерту жасалған жоқ. Тым болмағанда, бағалы заттарды басқа жерге көшіретін едік. Үйімізді су баспайды деп ойлаймын.

Бөгетті нығайту үшін Ақмола, Қостанай облыстары мен Астана қаласынан әскерилер көмекке келді. Жергілікті тұрғындар да аянып жатқан жоқ.

Жомарт Асқаров, СҚО ТЖД бастығы:

Сергеевка су торабында судың деңгейінің азаюы байқалады. Судың шарықтауын Петропавловск пен жақын маңайдан байқаудамыз. Бөгеттерді нығайту мақсатында ТМЖ-нан басқа, өңірлерден 200-ге жуық жауынгерлер жұмылдырылды.

Биыл Қызылжар ауданында Бескөл, Тепличное және Прибрежное ауылдарында 3 ірі бөгет тұрғызылды. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, құрылыс әлі аяқталмаған.

Сақтаған Сәдуақасов, Қызылжар ауданының әкімі:

Үш бөгетке 1,5 млрд жұмсалды. Тек қана жер жұмыстары жүргізілді. Укрупненный смета бойынша қаражат келіп мақұлдаса, әрі қарай жұмыстарды жүргіземіз.

Бір апта бұрын Заречный кенті, араға 4 күн салып Прибрежное ауылы судың ортасында қалған еді.

Эльмира Кәленова, тілші:

Бұл Прибрежное ауылына апаратын жалғыз жол. Былтыр 1500 тұрғыны бар елдімекен су құрсауында екі ай бойы тұрған еді. Биыл да көлік қатынасы толықтай үзілді.

Құтқарушылар жолаушыларды қайықпен тасымалдап жүр. Есіл өзені 2 сағатта орта есеппен 3 сантиметрге көтерілді.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу