Оқ тиген Р.Берденовке қатысты іс прокуратураның бақылауында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оқ тиген Р.Берденовке қатысты іс прокуратураның бақылауында

23.04.2025

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты айтылып жатқан алып-қашпа әңгімелердің ешқайсысы шындыққа жанаспайды. Қылмыстық іске байланысты жүргізіліп жатқан тергеуге әсер етпеу үшін әзірге ресми органдар тарапынан түсінік берілмейді. Жергілікті билік бүгін осындай мәлімдеме жасады.

Лауазымды тұлғаға қарулы шабуыл болған мезетте шаһар басшысы орынбасарларының барлығы, аппарат жетекшісі де қызмет орнында болған. Олардың көмегімен шұғыл жедел жәрдем мен полиция шақыртылып, Руслан Берденов ауруханаға жеткізіледі. Билік басындағылардың барлығы операция аяқталғанға дейін медициналық мекемеде болған. Брифинг барысында Сәрсен Құранбек күдіктінің қала әкімдігіне қарасты серіктестікте жұмыс атқарғанын растады.

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:

Бұл қылмысқа не үшін барғаны туралы әртүрлі алып-қашпа әңгімелер айтылып жатыр. Біздің білуімізше, оның ешқайсысы шындыққа жанаспайды. Мүмкін психоэмоционалдық жағдайы дұрыс болмады ма, мүмкін ағзаға әсер ететін басқа да психотропты заттар қолданды ма, оны да біз айта алмаймыз.

Күдіктінің адам өлтіруге оқталғаны туралы қоғам арасында әлі де түрлі жорамалдар айтылуда. Бүгін Парламент қабырғасында Берденовтың әріптесі де осыған қатысты өз ойын білдірді.

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мұндай жарақаттан, мұндай қарудан аман-сау қалу өте қиын. Өз-өзіне келу біраз уақыт алады. Бұл жерде ешқандай саяси астар жоқ. Жеке бас мәселесі.

Руслан Берденов ауруханада емін алып жатыр. Дәрігерлердің сөзінше, жағдайы бірқалыпты. Оның қызметтік міндеттері уақытша қала әкімінің бірінші орынбасарына жүктелді. Сәрсен Құранбектің айтуынша, оқыс оқиға болған күні әкімдік ғимараты маңындағы бейнебақылаудың бәрі жұмыс істеп тұрған. Күзетшілер де өз орындарында болған.

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:

Күзет күшейтіле ме дегенге келсек, күзет күшейтілмейді. Бұл бекітілген. Оның штаты, оның бөлінген қаржысы бар. Қалай болды сол қалпында қалады. Ешнәрсе өзгермейді.

Қарулы шабуылға қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Қылмыстық істі прокуратура бақылауына алды. Полиция департаменті тек тергеу аяқталған соң ғана арнайы ақпарат таратады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу