Талдықорғанда Ұлттық кітап күніне орай «Кітап – мәңгілік мұра» атты жәрмеңке өтті. Көпшілік назарына түрлі жанрдағы, сан алуан кітап ұсынылды. Шара аясында «Поэзиялық батл» ұйымдастырылып, байқауда қара үзіп шыққан жыр жампоздары марапатталды. Жалпы Жетісу облысында 148 кітапхана бар. 16 сәуірден бері 200-ден аса іс шара өткен.
Арайлым Жұмағазықызы, Талдықорған қаласының тұрғыны:
Үйде ұлым бар, қызым бар. Соларды Абайдың өлеңімен сусындатып өсіргім келеді. Балалар рухани дамиды, Абайдың кім екенін біледі. Әр қазақтың төрінде Абайдың өлеңдері кітаптары тұру керек.
Қарағанды қаласында «Кітаппен кемел болашаққа» атты ерекше фестиваль өтіп жатыр. Шара Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Ұлттық кітап күніне арналды. Абайдың өлеңдері, қара сөздері жазылған кітаптар ел назарына ұсынылды. Орталық саябаққа жиналған жұрт концерттік бағдарламадан бөлек, әртүрлі кітапханалар мен баспалар дайындаған көрмені тамашалады. Ауылдағы кітапханаларды қолдау мақсатында тұрғындар кітаптарын арнайы мамандарға өткізіп, шалғай елдімекендердегі кітапханаларға аз да болса үлес қосты.
Серік Хамзеұлы, Саран қаласының тұрғыны:
Жеке меншікте 1500 кітабым бар. Бүгінгі көрмеге Абай жайлы 50 кітап ала келдім. Кітап күніне барлық азаматтар араласуы керек. Кітап білім көзі, адамгершілік көзі, кітап -мәдениет. Сол адамның жанында болуы керек деп ойлаймын.
Дамир Нұрмұхамет
