Алматыда Ұлттық кітап күніне орай ауқымды шаралар өтіп жатыр. Ұлттық кітапханада басталған шаралар легін жүздеген жас оқырман ашық алаңда кітап оқудан бастады. Сондай-ақ келушілер назарына 20-дан аса еліміздің жетекші баспасы кітап жәрмеңкесін ұйымдастырып, қазақстандық авторлармен кездесу өткізді. Мерекенің мақсаты – кітап оқу мəдениетін қалыптастыру, оқырманның оқу белсенділігін арттыру, кітапқа жəне кітап оқуға деген қызығушылықты ояту, дейді ұйымдастырушылар. Шара аясында Қазақстанның халық жазушысы Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл толуына орай «Жолы кең жазушы» атты дөңгелек үстел өтті. Оған елімізге белгілі қаламгерлер қатысып, қоғам қайраткері туралы ойларымен бөлісті. Бұдан бөлек, Ұлттық кітапхана қорында сақталған сирек қолжазбалар оқырман назарына ұсынылды. Олардың арасында ХІІ ғасырға тиесілі Құран кітабы бар.
Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы:
Кітаптың көптеп жарық көріп, баспалардың жұмысы жанданып, шетелдің мықты кітаптарының барлығы аударылып, содан кейін өзіміздің Қазақстанның жазушылары, оның ішінде жастардың жарысып роман жазып жатқаны. Осының барлығы бүгінгі Ұлттық кітап күнінің насихатымен бірге деп ойлаймыз.
Қуан Нұрақын
