Павлодар облысы Баянауыл ауданы аумағында екі жеңіл көлік соқтығысып, 4 адам қаза тапты. Олардың бірі алты айлық сәби. Тағы бір кәмелеттік жасқа толмаған бала Екібастұз қаласының ауруханасына жеткізілді. Алдын ала мәліметке қарағанда жүргізушінің бірі қарсы бетке шығып кеткен.
Ал Павлодардан Астанаға футбол жарысына бара жатып жол апатына ұшыраған 13 жасар жеткіншектің беті бері қарады. Ол сенбі күні санавиациямен Ерейментаудан Павлодардың облыстық балалар ауруханасына жеткізілген болатын. Естеріңізге сала кетейік, осыдан үш күн бұрын Ерейментау маңында Мерседес спринтер көлігі аударылып, автобуста болған 16 баланың 4-еуі ауруханаға түсті. 35 жастағы жаттықтырушы қаза тапты. Жекеменшік клубтың футбол командасын Астанаға жеткізу үшін полиция экипажы жол бастап баруы тиіс еді. Бірақ клуб басшылығы қауіпсіздікке мән бермей балалардың ата-аналарының келісімімен шағын автобус жалдаған. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Нұрсұлтан Мұқанов, облыстық балалар ауруханасының дәрігері:
Санавиациямен жеткізілген жасөспірімді бірден жансақтау бөліміне жатқыздық. Күшейтілген бақылауда ұстап ес жиып, жағдайы жақсара бастаған соң травматология бөліміне ауыстырылды. Өздігінен жүріп-тұра алады. Қазір орташа халде деп айта аламын.
Болат Аманбай
