Түркістан облысының Жетісай ауданында шаруалар қырыққабат өнімін экспорттай бастады. Ералиев ауылдық округіндегі қожалық алғашқы өнімдерін көршілес Ресейге жөнелтуде. Жергілікті диқандардың бірі Нұрлыбек Жайынбаев ерте көктемде 3 гектар жеріне орамжапырақтың ерте пісетін «Пекинка» түрін еккен. Сол 32 мың түп көшеттен енді өнімін жинауда. Бұл кеткен шығындарымыз бен төккен теріміздің толықтай ақталғанын білдіреді, дейді шаруа. Енді қырыққабатты көрші елдің Пермь қаласына саудаламақ. Ал бірер күнде қырыққабаттың тағы бір түрін егістік басынан сатпақ.
Нұрлыбек Жайынбаев, шаруа:
Биылғы өзгешелік - күн жылылау болды. Жылылығы жақсы болды. Былтырлары минусқа кеттік. Биыл егін жаман емес. 250 теңгеден сатып жатырмыз.
Айта кетейік, жетісайлық шаруалар ерте пісетін қырыққабаттың басым бөлігін негізінен Ресей, Беларусь және Еуропа елдеріне экспорттайды. Биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 896 мың гектарға егіледі деп жоспарланған. Алдағы үш айда көкөніс, бақша дақылдарынан 460 мың тонна өнім алынбақ.
Ақтөре Түймебек, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
Аталған өнімдер облыс халқының қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Және қалған бөлігі басқа өңірлерге жөнелтіледі. Мысалы, өткен жылы 1,9 млн тонна бақша өнімдері өндірілсе, оның 458 мың тоннасы Ресей, Белорусь, Латвия, Литва мемлекеттеріне экспортталған болатын.
Айнұр Әбілқасымқызы
