Аты аңызға айналған қазақтың қос батыры соғыста ерліктің үлгісін көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аты аңызға айналған қазақтың қос батыры соғыста ерліктің үлгісін көрсетті

17.04.2025

Олар қан майданда қол, қапылыста жол бастады. Соғыстан кейін де қолынан қаламын тастамады. Қазақтың даңқты ұлдары – Бауыржан Момышұлы мен Қасым Қайсенов адамзат баласына зор қасірет әкелген II дүниежүзілік соғыста ерліктің үлгісін көрсетті. Қару мен қаламды қатар алып жүрген қос батырдың өмір өткелі, көрген-білгені, соғыс туралы шығармалары жас ұрпақтың жадында.

Бұл жеңіс бізге арзанға түскен жоқ. Ел дегенде еңіреген ерлеріміздің қан майданда құрбан болғандары аз емес.

Бауыржан Момышұлының II дүниежүзілік соғыста әскери өнері мен ұрыс жүргізу тәсілдері қан майданның алғашқы күндері-ақ байқалған. Батыр ұлдың көзсіз ерлігі, қолбасшылық қасиеті дұшпанды кері шегіндіріп, ойсырата жеңіліске ұшыратты. Артына қалдырған еңбектері әскерилердің әліппесіне айналды.

Ұлықбек Есдәулет, ақын, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы:

Қоршауды бұзып шығу әдісі әлі күнге дейін әлемнің, әсіресе, Израильдің, бертінге дейін Кубаның әскери мектептерінде оқытылған. «Соғыс психологиясы» деген кітабы әскери академиялардың оқулығы болып кеткен.

Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас» шығармаларын жазып, елге ерлік рухын жеткізді. Ал тағы бір қайсар жазушы Қасым Қайсенов «Жау тылында», «Партизан соқпақтары» арқылы нағыз майдан шындығын баяндады.

Смағұл Елубай, жазушы:

Отаншылдыққа тәрбиелейтін және Отанды қорғауға тәрбиелейтін баға жетпес құнды шығармалар ғой. Осы шығармаларды насихаттай білу керек және олар архивте шаң басып жатпауы керек деп білеміз.

Бүгінгі ұрпақ үшін олардың есімі тек тарих емес, ерліктің, елдіктің нышанына айналды. Қарумен жауды жеңген, қаламмен ұрпақты тәрбиелеген қос батырдың ерлігі, айтқан әңгімелері, даналығы мәңгілік ұлт жадында!

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу