Енді арнайы білімі жоқ, тек курс оқып алып, адамдарға кеңес беріп жүрген псевдопсихологтар жұмыссыз қалуы ықтимал. Психологтарға талап күшейеді. Білімі бар мамандар ғана ұлттық тізімге енеді. Қазір психологиялық қызмет туралы заң жобасы әзірленіп жатыр. Құжат ақша алғанымен, курс өткізбейтін коучтарды айналып өтпейді.
Жұлдыз Ыдырысова өзін коуч деп таныстырған адамға жарты миллион теңге несие алып берген. Ол тендер үйретемін деп сендіріп, серіктес болуға да уәде еткен. Бірақ ақша алған соң байланысын үзген.
Жұлдыз Ыдырысова, Жетісу облысының тұрғыны:
Оқу кем дегенде 10 күндік оқу болған. Ол кісі өзі 2-3 күн болды. Одан кейін мүлдем болған жоқ, өзінің жұмыстарымен кетті. Қолма-қол ақшаны кеңсесіне апарып бердім. Ақшаны алғаннан кейін сөйлеу мәнері де басқаша болды.
Жұлдызбен бірге 15 адам соттасып жүр. Жалпы, псевдокоучтарға алданғандар туралы нақты статистика жоқ. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті тек білім беру қызметіне қатысты сандық мәліметтің барын айтты.
Жансая Дадын, ҚР СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы:
Ағымдағы жылдың 3 айлық қорытындысы негізінде, білім беру қызметтері бойынша шағымдардың жалпы саны 357-ні құрады. Өткен жылмен салыстырған кезде өсу қарқыны 169,2% құрады. Көбінесе сапасыз онлайн-оффлайн курстарға шағым болып келеді. Оқу курстары үшін оқу ақысын қайтармау сұрақтары білім берушілердің біліктілігін растайтын құжаттардың болмауынан.
Тұтынушыларды алдаған коучтар жазадан құтылмайды. Бірінші ретте 10-50 айлық есептік көрсеткішінде, қайталанса 400 мың теңгедей айыппұл төлейді.
Бұдан былай, психологтарға талап күшейеді. Бұрынғыдай қысқа мерзімді курстардан өтіп, интернеттен сертификат алып емін-еркін жұмыс істей алмайды. Сол үшін заң жобасы әзірленіп жатыр.
Айна Мысырәлімова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл заң психолог атануға кімнің құқығы барын айқындайды. Мамандардың ұлттық тізімін қалыптастырып, халықтың қауіпсіз әрі білікті көмек алуына мүмкіндік береді.
Мадина Өмірқұлова, психолог:
Психологты дайындау кезінде психолог қанша жыл оқуы керек, біліктілігін қалай арттыру керек? Негізінде ол не алуы керек: диплом ба, сертификат па, лицензия ма? Ол да өте маңызды. Сондықтан бұл заң білім беру саласына да өте пайдалы.
Заңнама халықаралық тәжірибеге сүйініп жазылып жатыр, дейді жұмыс тобының өкілдері. Оған АҚШ, Германия, Финляндия, Канада мен Ресей сынды елдердің заңы негіз болыпты.
Асылбек Данияр, тілші:
Шет елде психолог болу үшін лицензия мен арнайы оқу міндетті. Финляндияда реестрге енген маман ғана қызмет атқарады. Елімізде де осы тетік қарастырылуда. Заң жобасы әзірленіп болған соң Мәжіліске ұсынылмақ. Құжаттың басты мақсаты - псевдопсихологтармен күресу.
Асылбек Данияр
