Жамбылда диқандар алқапқа дән себе алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Жамбылда диқандар алқапқа дән себе алмай отыр

Жамбылда диқандар алқапқа дән себе алмай отыр

Жамбылда қант қызылшасын егетін диқандар әлі дән себе алмай отыр. Шаруалар көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде аяқтай алмайтын болдық деп алаңдаулы. Қазірдің өзінде 20 күнге кешіккен. Өйткені өнім өңдейтін зауытпен келісімшарт жасалмаған. Оның үстіне биыл аймақ атқамінерлері егіс көлемін екі есе азайтқан. Алқап басындағы диқандармен Данияр Әлімқұл тілдесіп қайтты.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Диқандар дала төсіне соқа салып, көктемгі науқанға көрік біте бастады. Алайда жер жырту, топырақ тегістеу ақпан айының ортасында басталғанымен, тұқым себу жұмысы тоқтап тұр.

Байзақтық диқан Таласбек Шертаев былтыр 100 га-ға қызылша еккенімен, биыл оның көлемін 70%-ға азайтқан. Себебі ауыл шаруашылығы басқармасы алқапқа артығымен тұқым себуге тыйым салды. Енді ол 11 млн теңгеге алған тұқымын 30 га алқапқа қашан себетінін білмей дал. Өйткені қызылша өңдейтін зауыт қанша тонна өнім қабылдайтынын кесіп айтпай, келісімшартты кешіктіріп жатыр.

Таласбек Шертаев, диқан:

Бізге өте қиын салмақ, өте ауыр салмақ түсіп жатыр. 150 млн-ға комбайн алдық, 200 млн-дай шамамен қарызымыз бар. Көлемімізді азайтып жатырмыз. Келесі жылға төлегенге, күзге төлегенге бізге кішкене ауыр тиейін деп жатыр. Сол мәселе бойынша өзіміздің Тараздың зауыты ашылса деп отырмыз.

Қонысбек Сүлейменов, диқан:

Жер дайын тұр, аммофос себіліп қойған. Қант қызылшасының уақыты кетіп бара жатыр. Біз енді мұны жылдамдатып екпесек, қазық кезінде суыққа, қысқа, жаңбырға ұрынып қалуымыз мүмкін. Ол неғұрлым кеш еккен сайын, соғұрлым кеш қазылады.

Ал басқарма былтыр артық өнімді өткізе алмай ауыз күйді дейді. Өткен жылы өңір шаруалары 11 мың гектардан 640 мың тонна тәтті түбір жинаған еді. Меркідегі жалғыз зауыттың 400 мың тоннадан артық қызылшаны қабылдауға қауқары жетпеді. Ақыры аяғы далада қалған өнім Жетісу жеріне жеткізіліп, қалғаны Қырғызстанға тасымалданды. Сондықтан биылғы меже - 300 мың тонна.

Нұрдәулет Лесбек, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Енді әрі қарай әр аудандық әкімдік әр шаруақожалықпен тікелей жұмыс істегеннен кейін олардың қанша несиесі бар, қанша техника саны бар, соларға қарап лимитті бөліп береді. Ал Меркі қант зауытымен келісімшартқа тұру мәселесі осы аптада шешілу керек. Өйткені акционерлермен келісіссөздер жүргізіліп жатыр.

Жауаптылар диқандар межелі мерзімнен кешікпейді деп отыр. Айта кетейін, аймақ бойынша биыл 660 мың гектар алқапқа дән себілмек. Көктемгі дала жұмысы 70 пайызға аяқталды.

Данияр Әлімқұл


Бөлісу