Жамбыл облысында су арналарының құрылысы 6 жылдан бері бітер емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында су арналарының құрылысы 6 жылдан бері бітер емес

05.04.2025

Жамбыл облысы, Шу ауданындағы бірнеше ауыл 6 жылдан бері жаңбыр суына қарап отыр. Өйткені су арнасының 10 шақырымнан асатын бөлігі бетондалып бітер емес.

Негізгі кәсіп бізде тоқтады ғой. Біз ұрық алу керек едік. Малға шөп алу керек. Жаңбырдың суымен, қардың суымен шыққанды бір шауып аласың. Сонымен болды қурап кетеді, біржола. 

Салдарынан жылда Бөлтірік шешен, Дулат және Қонаев ауылындағы 500 гектар алқаптың аңқасы кеуіп, шаңы шығып жатады. 100-ге жуық шаруа бұл жағдай биыл да қайталана ма деп қорқады. Өйткені канал құрылысын қолға алған компаниялардың бірінен соң бірі ауысып кетуде. Бұған дейін дихандардың басым бөлігі бақша өнімдерін егетін. Енді олардың біразы сарылдап аққан су сап тиылғалы, ата кәсіппен айналысуды да қойған.

Мақсат Бақытұлы, Дулат ауылының тұрғыны:

Жердің бәрі игерілмей тұр ғой, су жоқ. Егін еге алмаймыз. Біздің ауылды баяғыда «Шымкенттің Жетісайы» дейтін. Бау-бақша, бәрі жайнап тұратын. Енді 7 жыл болды мынау Жетісай да жоқ. Бетпақ далаға айналдық! 

Аудан атқамінерлерінің айтуынша, әу баста 70 шақырымдық 14 су арнасын салу жоспарланған. Сөйтіп қазынадан 6 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Тендерді ұтқан түркиялық компания өз ісін атүсті атқарып, құрылыс басынан қуылады. Жоба бір жарым жыл тұралаған. Кейін ирандық компания тағы 3 жылға созып алады. Бірақ барынша көктемгі суару маусымына үлгереміз деп отыр.

Серікхан Пернеш, Шу ауданы әкімінің орынбасары:

10% жұмыс қалды қазіргі таңда. Осы екі каналды, «Госфонд» және «Госфонд-1» каналы бар, солар бойынша 15-ші мамырға дейін жоспарлап отырмыз. «Огородныйға» маусымның басында су жіберуге мүмкіндік болады .

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу