Ақтауға түркі тілдес мемлекеттерден 200-ге жуық қонақ келді. Оның 50 шақтысы лауазымды тұлғалар мен халықаралық ұйымдардың басшылары. Одан бөлек, ауқымды шараны тамашалауға еліміздің түкпір-түкпірінен де тұрғындар ағылып жатыр.
Біз қазір теңіз жағалауында өтіп жатқан, түркі тілдес халықтардың басын қосқан ауқымды шараның бел ортасында тұрмыз. Мұнда ортақ құндылықтарды, салт-дәстүрді насихаттайтын көрмелер ашылды. Онда қазақ халқының ұлттық бұйымдарымен бірге Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Түркияның да құнды жәдігерлерін көруге болады. Шетелдік қонақтарға келсек, бүгінге дейін 168 адам келген. Оның 50 шақтысы ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің мәдениет министрлері, елшілер, халықаралық ұйымдардың басшылары. Ал қалғандары өнерпаздар. Біз алдын-ала ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевтан сұхбат жазып алған едік, соған назар аударайық.
Сұлтан Раев, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы:
ТҮРКСОЙ ұйымы түркі әлемінің мәдени астаналарын таңдау жобасын 2012 жылы бастады. Яғни, бұл дәстүрлі жоба, тәжірибеміз мол. Бұған дейін мәдени астана болған қалаларда туризмнің дамуына ықпал етті деп айта аламыз. Маңғыстау - мәдени мұраға бай өңір ғой. Соны бүкіл түркі әлеміне паш етуге мүмкіндік туды. Сол үшін де жыл соңына халықаралық деңгейдегі 30-ға жуық шара өтеді деп жоспарлап отырмыз.
Айта кетейік, осымен Қазақстанның үшінші қаласы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін алып отыр. Бұған дейін Астана мен Түркістан қалаcында өткен. Өзге мемлекеттер де жобаны абыроймен өткізіп келеді. Ал Ақтаудағы шараны ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы, еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Маңғыстау облысының әкімдігі ұйымдастырып жатыр. Ашылу салтанаты ертең осы жерде, кешкі сағат 19:00-де бас сахнада өтеді. Оны Ұлттық арнаның тікелей эфирінен көре аласыздар.
Аягөз Оралбайқызы
