Мәскеуде суретші Ералы Оспанұлының «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты сурет көрмесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде суретші Ералы Оспанұлының «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты сурет көрмесі ашылды

18.12.2017

Мәскеу жұртшылығы қазақтың тарихи болмыс-бітімімен жақынырақ танысып жатыр. Ресей астанасында белгілі суретші Ералы Оспанұлының «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты сурет көрмесі ашылды. Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған шара екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына және Тәуелсіздік күніне арналып отыр. Көрмеге барлығы 90-нан аса сурет қойылған. Яғни, олар адамның туған сәтінен бастап, өмірден өтер кезеңіне дейінгі бүкіл ғұмырынан, халқымыздың өмір салтынан сыр шертеді. Осылайша, суретші Ералы Оспанұлы қазақтың қазіргі кезде ұмыт қалған кейбір дәстүрлерін қылқаламның күшімен қайта жаңғыртып отыр.

Мәскеудегі бүкілресейлік антиквар орталығында ашылған сурет көрмесі бір ай бойы өтеді. 

Ералы Оспанұлы, суретші:

 - Көп адамдар суреттерді көрген кезде «өте табиғи екен», дейді. Оның біразы қиялдан шыққан. Ал көп образдарды 19-20 ғасырда орыс зерттеушілері түсірген суреттерге қарап отырып келтіргенмін. Сондықтан, олар жанды сияқты көрінеді.

Карина Король, Бүкілресейлік антиквар орталығының директоры: 

 - Бұл өте қызық көрме екен. Себебі, мен мұндағы суреттерге қарап, қазақ халқының бұрын өзім білмеген салт-дәстүрлерімен таныстым. Әрбір суретті мұқият қарап шықтым. Олардың өте шебер қолдан шыққаны көрініп тұр.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу