Жамбыл облысында ана мен бала өлімінен кейін Шу аудандық ауруханасының бірнеше қызметкері жазаға тартылды. Арнайы комиссия жүкті әйел дәрігерлердің өрескел қателігінен қайтыс болды деген қорытынды шығарды. Бұл ретте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушыға, ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысына қатаң сөгіс берілді.
Ал Шу аудандық орталық аурухана бас дәрігері қызметінен босатылды. Оның орынбасарына қатаң сөгіс беріліп, босандыру бөлімінің басшысы қызметінен кетті.
Мамандар 25 жастағы Әдемі Ешеналиеваның ісік дәрежесіне мән бермей, зәр мөлшерінің шамадан тыс төмендеп кеткенін ескермеген. Салдарынан қан қысымы 170 сынап бағанасына жетіп құлаған. Әуелі сәбиіне айырылған ана 12 күн комада жатып көз жұмды. Осы оқиғадан кейін облыс әкімінің бастамасымен қоғамдық кеңес құрылды. Енді комиссияның соңғы шешіміне сай іс құжаттары құқық қорғау органдарына беріледі.
Қаракөз Сағынғалиева, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:
Дәрігерлер не істеу керек еді? Олар тексеріп, консилиум жасап, оны үшінші дәрежеде облыстық перинаталды орталыққа жіберу керек еді. Ол бірінші дәрежеде қалып қалды. 38, 39, 40, 41 аптада аман-есен босануы керек еді. Енді әрі қарай біздің министрлік осы мәселені қарайды.
Данияр Әлімқұл
