Жеңістің 80 жылдығына орай Алматыда жауынгерлік техникалардың ашық аспан астындағы мұражайы ашылады. Армия үйінің аумағында орналасқан мұражай 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы мемориалдық кешеннің бір бөлігі болмақ. Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов Парламент депутаттарымен бірге алаңды аралап, қару-жарақ пен жауынгерлік машиналардың құрамын тексеріп, жауапты тұлғаларға қосымша тапсырмалар берді. Қазір Армия үйінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Ғимараттың концерттік және мәрмәр залдары, сондай-ақ Жауынгерлік даңқ мұражайы күрделі жөндеуден өтеді. Техника мұражайының экспозициясына ІІ д.с. жылдарындағы қару-жарақтың 30-ға жуық үлгісі қойылмақ. Ең құнды экспонаттардың қатарында 1931 жылғы 152 милиметрлік зеңбірек бар.
Руслан Жангулин, Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:
Кинозалдың, киностудияның аясында шеберлік сабағын өткізу үшін студенттермен, жастармен, жас сарбаз өкілдерімен толыққанды жұмыстарды жүргізетін боламыз. Мұның барлығы жеңістің 80 жылдығы аясында жасалып жатқан ауқымды шаралар болып отыр.
Қуан Нұрақын
